Ажырасу үрдісін тереңірек зерттеу үшін кешенді баяндама әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі ажырасу үрдісін тереңірек зерттеу үшін кешенді баяндама әзірленеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, соңғы 5 жылда елде ажырасу саны (2020 жылы — 48,2 мың, 2024 жылы — 40,5 мың, 16 пайызға төмендеген) азайған. Мұндай үрдіс мемлекеттік қолдау саясатының түбегейлі қайта қаралуымен байланысты болды. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамытудың 2025 жылға арналған медиа-жоспары қабылданды. Түсіндіру жұмыстары аясында әлеуметтік желілер, сыртқы жарнама, білім беру мекемелері, АХАТ органдары мен беделді қоғам көшбасшылары тартылып отыр, — деді Олжас Бектенов жауабында.
Үкімет басшысы аталған үрдістерді тереңірек зерттеу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі кешенді баяндама дайындайтындығын айтады.
— Зерттеу жұмыстары басталды. Оның нәтижесінде жастар арасында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру және отбасылық институтты нығайтуға арналған ұсыныстар әзірленеді, — деді ол.
Айта кетейік, былтыр 124 мың жұптың некесі қиылса, 61 жұп ажырасуға өтінім берген. Қазіргі уақытта Сенат қарауында жатқан жаңа Салық кодексінің жобасында некені бұзғаны үшін мемлекеттік баж мөлшерін 19 660 теңгеге дейін ұлғайту қарастырылған.