Азиада-2026: Қазақстан құрамасының қоржыны төрт жүлдемен толықты
НАГОЯ. KAZINFORM — Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының үшінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстандық спортшылар бүгін 17 спорт түрінен жарыс жолына шығып, ел қоржынына екі алтын және екі қола медаль сыйлады.
Ең әуелі каратэден кумите бағдарламасы -55 кг дейінгі салмақта Бэлла Самашева қола медаль жеңіп алды.
Жағажай волейболынан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Сергей Богату мен Кирилл Гурин топтық кезеңнің кезекті кездесуінде жеңіске жетті.
Сонымен қатар, баскетболдан Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойында Гонконг құрамасын 80:77 есебімен қапы қалдырды.
Еркінғали Бүркіталин ерлер арасында (77кг) аралас жепе-жек спортынан дәстүрлі стиль бойынша жарыс жолына шығып, ақтық сында Бахрейн спортшысы Мұхаммед Набиевті 3:0 есебімен жеңді.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының осы Азия ойындарындағы бесінші алтын жүлдесі болды.
Қазақстан әйелдер құрамасы су добынан үшінші кездесуінде Таиланд құрамасын 14:13 есебімен жеңді. Оған дейін ел құрамасы Сингапурды 12:7 есебімен қапы қалдырып, Жапонияға 10:25 есебімен жол берген еді.
Енді отандастарымыз 23 қыркүйекте Қытай, 24 қыркүйекте Өзбекстан құрамаларымен шеберлік байқасады.
Қадырбек Шынбаев аралас жекпе-жек сортынан ерлер арасында (71кг) заманауи стильде ақтық сында Тәжікстан өкілі Хуршедзода Бехрузден 3:0 есебімен басым түсіп, ел қоржынына алтыншы алтын медаль сыйлады.
Каратэден Кумите бағдарламасында -75 кг салмақта ел намысын әлем чемпионатының жүлдегері, 3 дүркін Азия чемпионы Нұрқанат Әжіқанов қорғады. Ол ширек финалда ирандық Мортеза Нематимен кездесіп, жол берді. Қола медаль үшін жекпе-жекте отандасымыз филиппиндік Батикан Алвинді 10:1 есебімен ойсырата жеңді.
Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша, 34 елдің спортшылары жүлде жеңіп алды. Қытай құрамасы 32 алтын, 13 күміс және 8 қола медальмен көш басында. Ал Жапония (11 алтын, 16 күміс, 19 қола) және Оңтүстік Корея (6 алтын, 4 күміс, 17 қола) алдыңғы үштіктен көрінді.
Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта 6 алтын, 1 күміс және 5 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр.
Осыған дейін Еркінғали Бүркіталин Kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, жарыстан кейінгі сезімі және алдағы кәсіпқой мансабы туралы айтып берді.