Азық-түлік корпорациясы биыл аграршыларды қолдауға 65,7 млрд теңге бөледі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға 65,7 млрд теңге бағыттайды.
АШМ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында фермерлік шаруашылықтардың шоттарына 51,6 млрд теңге аударылған. Форвардтық келісімшарттар толық орындалып, жеткізілген өнім үшін түпкілікті есеп айырысу жүргізілгеннен кейін қаржыландыру көлемі 65,7 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
Қаржыландырудың басым бөлігі ұлттық оператордың меншікті айналым қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Соңғы екі жылда мемлекет бөлген қаражат бүгінде қайта айналым қағидаты бойынша аграршыларды қаржыландыруға қайта пайдаланылып жатыр.
– Бұған дейін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» капиталын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік инвестициялар бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. Келісімшарттар орындалып, ауыл шаруашылығы өнімдері өткізілгеннен кейін қаражат қайта айналымға түсіп, аграршыларды қаржыландыруға қайта бағытталады. Мұндай тетік бюджетке қосымша салмақ түсірмей-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жыл сайын қолдауға және қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев.
Компанияның мәліметінше, қайта айналымға түскен қаражаттың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей сатып алу және көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру бағдарламаларына бағытталады.
Тікелей сатып алу бағдарламасы аясында фермерлер ұлттық операторға 191,8 мың тонна дәнді және майлы дақыл өткізді. Бұл өткен жылғы 92,9 мың тонна көрсеткіштен екі есе көп. Бағдарламаға қатысқан 257 ауыл шаруашылығы өндірушісіне 20,3 млрд теңге төленді.
Форвардтық қаржыландыру бағдарламасына 172 ауыл шаруашылығы құрылымы қатысып, 471 мың тонна дәнді және майлы дақыл жеткізуге келісімшарт жасасты.
– Биыл көктемгі егіс жұмыстарын аванстық қаржыландыруға 31,3 млрд теңге бағытталады. Егін тапсырылғаннан кейін жүргізілетін қосымша төлемдерді ескергенде, бағдарламаның жалпы көлемі 40 млрд теңгеден асады, – делінген хабарламада.
Биыл форвардтық бағдарлама аясында жоғары табысты майлы дақылдарды өндіру көлемі де айтарлықтай өскен. Егер 2025 жылы күнбағыс, майлы зығыр және рапс бойынша 36 мың тонна өнімге келісімшарт жасалса, биыл бұл көрсеткіш 94,9 мың тоннаға жеткен.
Компанияның мәліметінше, тікелей сатып алу мен форвардтық қаржыландыру тетіктері фермерлерді қолжетімді қаржымен қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік астық қорын толықтыруға, жемдік қор қалыптастыруға және қайта өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Астанада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өнімдер тиімді бағамен сатылады.