Әзірбайжан Президенті Илһам Әлиев елімізге ресми сапарлайды
ТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 19-20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев елімізге ресми сапармен келеді.
Бұл туралы бүгін елордада өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбиболлаев мәлім етті.
Оның атап өтуінше, екі мемлекет басшыларының қатысуымен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтпек. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттерінің бірлескен декларациясына, бірқатар үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қою жоспарланған.
«И. Әлиевтің елімізге алдағы ресми сапары екіжақты саяси үнқатысудың одан әрі дамуына, сауда-экономикалық және гуманитарлық қарым-қатынастардың кеңеюіне мүмкіндік жасап,, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарды үйлестіруге мүмкіншілік туғызады»,-деді ресми өкіл.
Айта кетейік, Әзірбайжан Президентінің бұл сапары қазанның 20-21 күндері Алматыда өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммиті аясында өтеді. Әзірбайжан Республикасы Түркітілдес мемлекеттердің іс-қимылында белсенді елдердің бірі.