Азия чемпионатында 22 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы 9 медаль алды
АСТАНА. KAZINFORM - World Boxing аясында Таиланд астанасы Бангкок қаласында бүгін 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионаты мәресіне жетті.

Құрлықтық додада отандастарымыз 9 медальға қол жеткізді. Олардың 5-еуі алтын болса, 4-еуі күміс жүлде болып отыр.
Ел құрамасынан Нұрислам Қалдыбаев (60 келі), Санжарәли Бегалиев (80 келі), Темірлан Мұқатаев (90 келі), Гүлназ Бөрібаева (48 келі) және Бақыт Сейдіш (70 келі) жеңіс тұғырына көтерілді.
Ал финалда қарсыластарына есе жіберген Илья Калинин (65 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі) және Әсел Тоқтасын (80 келі) күміс медаль алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын 19 жасқа дейінгілер арасында Расул Асанханов (90 келі), Құралай Егінбайқызы (80 келі) Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Сондай-ақ Әділет Тортубек (60 келі), Бибарыс Әшірбай (70 келі), Тимур Тайбеков (80 келі), Нұрсұлтан Қыстаубай (85 келі), Аяжан Ермек (57 келі) күміс жүлдегер атанса, Айым Таңқыбаева (51 келі), Жанель Имантаева (54 келі), Алина Кұдайгенова (60 келі), Ақбота Есімбекова (65 келі) және Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық додаға 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысты. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам, Бутан бар