Азия чемпионатында байдаркадан Қазақстан әйелдер құрамасы алтын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Наньчан қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден Азия чемпионатында ел құрамасы қоржынына тағы бір алтын түсті.

Құрлықтық додада байдаркамен 500 метр қашықтықта Қазақстан әйелдер құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл сында үздік үштікте Қытай, Жапония спортшылары орналасты.
Әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Степанов 200 метрге жарыста күміс алды.
Ал Ольга Шмелёва 200 метрге жарыста (байдарка) үздік үштікті түйіндеді. Осылайша ол Наньчандағы жүлделер санын 3 алтын, 2 қолаға жеткізді.
Қазірге дейін биылғы құрлықтық додада қазақстандық спортшылар үш алтын алып үлгерген еді. Байдаркамен 500 метр қашықтықтағы жарыста Ольга Шмелёва мен Артём Терещенко, каноэ спортынан 500 метрде жұптасып жарыста Сергей Емельянов пен Руфина Искакова чемпион атанса, Ольга Шмелёва әріптесі Ирина Подойниковамен бірге байдаркамен жұптық сында 500 метрге жарыста дәл сондай жетістікті бағындырды.
Сондай-ақ қазірге дейін ел құрамасынан байдаркамен жарыста Стелла Суханова, Бекарыс Раматулла екінші орынға тұрақтады. Каноэде 500 метрге ескек есуде қазақстандық спортшылар үздік үштікті түйіндеді.