Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы стенд атудан күміс алды
АСТАНА. KAZINFORM - Шымкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы стенд атудан күміс медаль алды.

Ел құрамасынан Эдуард Ещенко мен Анастасия Молчанова аралас командалар арасындағы «скит» бағдарламасында екінші орын иеленді.
Бұл сында алтын медаль Қытай жұбына бұйырса, үшінші орынға Қатар мен Үндістан тұрақтады.
Айта кетсек, бұған дейін Молчанова жекелей сайыста қола жүлдегер атанған еді.
Ұлттық құрама ойыншысы жарыс барысында 45 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Құрлықтық додаға 29 елден 756 спортшы келді. Олар екі аптаға жуық уақыт бойы жүлделерді сарапқа салады.
Шымкент қаласы төрт жыл бұрын пневматикалық қарумен нысана көздеуден Азия чемпионатын қабылдаған еді. Онда 20 мемлекеттің 350-ге жуық спортшысы қатысты.
Қазақстан 5 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алды.