Азия чемпионатында тағы үш қазақстандық балуан қолаға таласады
АСТАНА. KAZINFORM - Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен тағы үш отандасымыз қола жүлде үшін белдеседі.

Ел құрамасынан Ербол Қамалиев (55 келі) ¼ финалда Ирак балуанына есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде жеңіске жеткен ол енді қола жүлдені өзбекстандық балуанмен сарапқа салады.
Қазақстандық тағы бір балуан Ибрагим Магомадов (77 келі) бірінші белдесуінде оңтүстіккореялық балуанды жеңді. Одан кейін Өзбекстан балуаны Адам Варданянға есе жіберді. Енді Ибрагим үшінші орын үшін Иордания балуанымен бозкілемге шығады.
Ел құрамасынан Шамиль Ожаев (87 келі) ширек финалда қырғызстандық спортшыны тізе бүктірді. Ал жартылай финалда өзбекстандық балуаннан жеңіліп қалды. Алдағы белдесуде ол Оңтүстік Кореядан келген спортшымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Сұлтан Әсетұлы (63 келі) қола медальға таласатынын хабарлаған едік.
Сондай-ақ Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатының алтын медалі үшін күреседі.