Азия Даму банкі Қазақстанға мемлекеттік секторды дамыту үшін миллиард доллар бермек
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқармасының төрағасы Мақсат Мұқановтың атап өтуінше, аталған инвестиция 2014-2016 жылдарға арналып есептелген. Үш жылдық кезеңге арналған серіктестік стратегиясына сәйкес, аталған қаржы мемлекеттік секторды, сонымен бірге көлік жүйесін дамытуға, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бөлінетін болады. «Инвестицияның негізгі көлемі көлік саласына құйылатын болады. Бұл елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға, сонымен бірге Қазақстанды әлемдік көлік ағынымен ықпалдастыруға бағытталған ірі инвестициялық жобалар. Олар: «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі, Маңғыстау облысындағы автожол, жылу желілерін жаңғырту және басқа да коммуникациялық жобалар», - деді ол. Айта кетейік, мамырдың 2-5 күндері аралығында елордада Азия Даму банкі басқарушылары кеңесінің жыл сайынғы 47-ші отырысы өтеді. Алқалы жиынға бес мыңға дейін делегат қатысады деп күтілуде.