Азия елдері саяси, экономикалық мәселелерді шешу барысында ынтымақтастықта, бірлікте болса, алмайтын асулары қалмайды - Азиялық Парламент ассамблеясының Бас хатшысы
АНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев Азиялық Парламент ассамблеясының Бас хатшысы Доктор Мохаммад Хади Неджад Хоссейнианмен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен қатар кездесуге Иран делегациясының мүшелері Иран партия үйі Халықаралық басқармасының жетекшісі Мохаммади Сайед Мохаммад Сайед Аболфази мен Иран партия үйі Орталық басқармасының мүшесі Кхогмохамадзадех Аламдари Фахимед Анвар қатысты.
Жүздесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев «Сіздердің бұл шараға қатысуларыңыз Азия елдеріндегі саяси партиялардың құрылысына және партияаралық, парламентаралық қарым-қатынастың дамуына қосымша импульс беретініне сенемін. Бас ассамблея жұмысы барысында, бүгінгі таңда біздің елдерімізді толғандырып отырған бірқатар жайттарды, мәселелерді талқылайтынымызға сенімім мол.
Менің көзқарасымша, Азиялық кеңістікте саяси құрылымдардың ынтымақтастығы құрылуда және осындай ынтымақтастықтардың мемлекетаралық, үкіметаралық келісім шеңберінде болуы маңызды. Яғни, Азия елдеріндегі саяси партиялардың конференциясы сол саяси партиялардың өзара әрекеттесу құрылымы ғана болмауы керек», деді.
Сөз кезегі тиген Азиялық Парламент ассамблеясының Бас хатшысы алқалы жиынға шақырушыларға алғысын білдіріп, ұйымның соңғы бірнеше жыл ішінде атқарған жұмыстарына және даму бағытына тоқталды.
«Қазіргі таңда ұйымның 39 тұрақты мүшесі және 17 бақылаушысы бар. Ассамблеяның негізгі мақсаты - Азия кеңістігіндегі ықпалдастық. Бізде көнеден қалған мынадай бір аңыз бар. Таудың биік шыңын бір топ құс бағындырмақ болыпты. Олар әрқайсысы жеке-жеке талпынғанымен еш нәтиже шығара алмаған. Осыдан кейін 30 құс бірігіп, симург (бүркітке ұқсас алып құс, көне парсы аңыздарында айтылады) ретінде шыңды бағындыруға бел буыпты. Олар берік құрылым түзіп, әрқайсысы өз қызметін білуінің арқасында мақсаттарына жеткен екен. Ынтымақтастық, бірлік деген ұғым Азиядан басқа елдердің барлығына тән. Азия елдері саяси, экономикалық мәселелерді шешу барысында ынтмақтастықта, бірлікте болса, алмайтын асулары қалмайды», дейді Азиялық Парламент ассамблеясының Бас хатшысы.
Кездесу соңында Д.Кәлетаев Қазақстан тарапының шақыртуын қабыл алған қонақтарға алғысын білдіріп, арнайы кәдесый тарту етті.