Азия мемлекеттері арасында сенімділік нығаймай, қауіпсіздіктің жаһандық міндеттерін шешу де мүмкін емес - Елбасы
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Азия мемлекеттері арасында сенімділікті нығайтпай, қауіпсіздіктің жаһандық міндеттерін шешу де мүмкін еместігі айқын.
Бүгін Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мерейтойлық сессиясы мен Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Азия құрлығы өзінің экономикалық әлеуеті мен әлемдік саясатқа әсер етуі жағынан ХХІ ғасырдағы жаһандық халықаралық қарым-қатынастардың басты алаңына айналып келеді. Қазірдің өзінде осы мемлекеттер жиынтығында бүкіләлемдік жалпы ішкі өнімнің 57 пайыздан астамын шығаруда. Бұдан бөлек, өкінішке қарай, Азияда әлі де шешімін таппаған территориялық даулар және қарама-қайшылықтар өршу үстінде. Сонымен қатар, Азия өңірінде ядролық қаруға ие, өзінің әскери әлеуетін қарқынды үдетіп отырған мемлекеттер шоғырланып отыр», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы Азия елдерінің қарқынды дамуы орын алып отырған қақтығыстармен ушығып отырғанын да еске салды. Бұның өзі сенімсіздік деңгейінің артуына, геосаяси бақталастыққа әкеліп отыр.
«Заңсыз көші-қон, заңсыз есірткі айналымы, территориялық дау-дамайлар, экстремизм, терроризм проблемалары сақталып отыр. Азия мемлекеттері арасында сенімділікті нығайтпай, қауіпсіздіктің жаһандық міндеттерін шешу де мүмкін еместігі айқын», - деді Н. Назарбаев.