Азия ойындары-2026: 24 шетелдік маман тартылды
АСТАНА.KAZINFORM — 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін XX жазғы Азия ойындарына ұлттық құраманың дайындығына арналған жиын өтті. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті.
Жиынға жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерацияларының басшылары қатысты. Кездесуде ұлттық құрамалардың қазіргі дайындық деңгейі, спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері, бекітілген жоспарлардың орындалуы, сондай-ақ медициналық, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
— XX жазғы Азия ойындарына 45 елден 15 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы спорттың 35 түрінен сынға түсуді жоспарлап отыр, — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері қазақстандық спортшылар спорттың 68 түрінен 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде 26 әлем чемпионаты, 71 Әлем кубогінің кезеңі, 37 Азия чемпионаты және 148 халықаралық турнир бар. Сонымен қатар Спортты дамыту дирекциясы 226 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Жаттықтырушылар құрамын күшейту мақсатында спорттың 13 түрі бойынша 11 елден 24 шетелдік маман тартылды.
Жиын қорытындысында қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету, ұлттық құрамалардың дайындығын бақылауды күшейту және туындаған мәселелерді жедел шешу қажеті атап өтілді. Министрлік Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерацияларымен бірлесіп, Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарында табысты өнер көрсетуіне қажетті барлық жағдайды жасау бағытындағы жұмысты жалғастырады.
Кездесу аясында федерация басшылары Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің инфрақұрылымымен де танысты. Жаңа университет Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен мамандар даярлау саласындағы ең ірі білім беру жобаларының біріне айналды. Мұнда жаттықтырушылық қызмет, спорт ғылымы, спорттық медицина және оңалту, менеджмент, спорт журналистикасы, аналитика және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлауға заманауи жағдай жасалған.