Сметов пен Миркадирова Азия ойындарында ел құрамасының туын алып шығады

АСТАНА. KAZINFORM — Аичи және Нагоядағы (Жапония) ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасының туын алып шығатын спортшылар анықталды.

Азия ойындары-2026: Сметов пен Миркадирова ел құрамасының туын алып шығады
Фото: ҚР ҰОК

Спортшылар шеруінде Қазақстанның көк туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова ұстайды.

Елдос Сметов — 2024 жылғы Олимпиада чемпионы, 2016 жылғы Олимпиаданың күміс және 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері. Сондай-ақ оның қоржынында әлем чемпионаты мен 2014 жылғы Азия ойындарының алтын медальдары бар.

Сарвиноз Миркадирова — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол WTT Feeder санатындағы халықаралық турнирлерде жүлдеге ие болған, сондай-ақ, әлем және Азия чемпионаттарына қатысқан.

Азиада-2026 ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Нагоя қаласындағы Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. ХХ жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.

Еске салайық, бұған дейін Азия ойындарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсететінін хабарлағанбыз.