Азия ойындарында Қазақстанның намысын қорғайтын қызылордалықтар саны 18-ге жетті

ҚЫЗЫЛОРДА. 11 қараша. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Ертең, 12 қараша күні Қытайдың Гуанчжоу қаласында жалауы желбірейтін он алтыншы Азия ойындарында еліміздің намысын қорғайтын қызылордалық спортшылардың нақтылы саны 18-ге жетті.

Азия ойындарында Қазақстанның намысын қорғайтын қызылордалықтар саны 18-ге жетті

Сыр өңірінің саңлақтары дүбірлі додада спорттың 8 түрі бойынша өнер көрсетеді. Олардың арасында ауыр атлеттер - Илья Ильин, Алмас Өтешов, Дәурен Шәутаев, дзюдошылар - Ғалия Өлментаева, Жанар Жанзұнова, Ұлан Рысқұл, велоспортшылар - Берік Көпешов, Николай Иванов, Андрей Кашечкин, жеңіл атлет -Виктор Лептиков, еркін күрес балуаны - Дәулет Ниязбеков, боксшы - Марина Вольнова бар. Ал Әйгерім Маханова еліміздің көгалдағы хоккей, Гүлзира Ысқақова, Әсем Батырбекова, Ольга Егунова, Евгения Жулькина және Евгения Николаева қол добы құрамаларының сапында ойнайды.

Жалпы, бұл жолғы Азия ойындарында спорттың 57 түрі бойынша 476 медаль жиынтығын 12 мыңнан астам спортшы сарапқа салады. Қазақстан құрамасы солардың 36 түрінен өз бақтарын сынап көргелі тұр.