Б. Сағынтаев өңірлік су қауіпсіздігі орталығын құру бастамасын көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Душанбеде өткен «Өмірге арналған су» халықаралық іс-қимыл онжылдығын жүзеге асыру қорытындылары бойынша жоғары деңгейдегі конференцияға қатысты.
None
None

Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлағандай, конференция жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан, Қырғызстан, Того премьер-министрлері, Ангола, Бангладеш, Мысыр, Индонезия, Ирак, Иран, Сауд Арабиясы, Уганда елдерінен бейіндік министрліктер басшылары, ғалымдар, халықаралық сарапшылар қатысты.

Бақытжан Сағынтаев конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде су мәселелерін реттеудің нормативтік құқықтық базасы дамып келе жатқанын, «жасыл экономикаға» көшу бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру басталғанын, су қорларын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын, Аралды құтқару шаралары қолға алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Орталық Азиядағы су мәселесін жақсарту үшін өңірлік ауқымдағы бірқатар ұсыныстарға бастамашы болып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын немесе ірі донорлар мен сарапшыларды тарта отырып, Су саммитін өткізу қажет деп санайды. Бақытжан Сағынтаев конференцияда республиканың Су жобаларын іске асыру жөніндегі орталықазиялық инвестициялық қорын және Өңірлік су қауіпсіздігі орталығын құру бастамасын айтты. Бұдан басқа, Қазақстан бірлесе отырып, Орталық Азиядағы су және экология қауіпсіздігі туралы пакт әзірлеп, қол қоюды ұсынады. Жаңа жалпыға бірдей танылған халықаралық құқық нормаларына негізделген бесжақты құжаттың мазмұны заманауи жағдай мен өңірдің ерекшелігін есепке алып, су қатынастарын реттеуді, мүдделер теңгерімін іздестіруді қамтиды. Гидрологиялық деректер алмасудың ашық жүйесін құру да аса маңызды, осыған байланысты бесжақты келісім жобасын қабылдау қажет, ол жедел ақпарат алмасуды жүзеге асыруға және су сапасы бойынша келісілген шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қазақстанның тағы бір бастамасы - мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы «Сырдария» мен «Әмудария» бассейндік су шаруашылығы бірлестіктерінің жұмыс тиімділігін арттыруды қамтиды.

Соңғы жаңалықтар