БАӘ-де Атырау облысы мен Шардж әмірлігі арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары сөз болды

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Бүгін Біріккен Араб Әмірлігінде қазақстандық делегацияның Шардж әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Сұлтан бин Мохаммед бин Сұлтан Аль Касемимен кездесуі өтті.

БАӘ-де Атырау облысы мен Шардж әмірлігі арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары сөз болды

Тілшіміз хабарлағандай, қазір БАӘ-де Қазақстанның бірқатар әкімдіктері өкілдерінің делегациясы жүр. Олар Аджман қаласындағы Қазақстан-Әмірлік арасындағы іскерлік форумға қатысуға келген. Шара ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің ұйымдастырумен өтті. Сейсенбі күні БАӘ-дегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф пен қазақстандық делегацияның мүшелерін Шардж әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Сұлтан бин Мохаммед бин Сұлтан Аль Касеми қабылдады. Кездесу барысында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев әмірлік тарапын аймақтың экономикалық жетістіктерімен таныстырды. Жекелей алғанда, Атырауда шетелдік инвесторлар үшін инвестициялық аухуалдың жақсарғанын атап атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, өңірге инвестиция ағынын арттыру үшін еркін экономикалық аймақтардың жобалары жүзеге асырылып жатқанын айтты. Тараптар мұнай-химия, агроөнеркәсіп, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын сөз етті. Қорытындысында, кездесуге қатысушылар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жобасына қол қойды. Атырау мен Шардж арасында достық қарым-қатынастар орнату бойынша нақты міндеттер қойылды. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шардж әмірлігінің басшылығын алдағы уақытта Атырауға жұмфыс сапарымен келуге шақырды.