БАӘ Ормуз бұғазын айналып өтетін мұнай құбырының құрылысын жеделдетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Жоба 2027 жылға қарай Фуджейра порты арқылы елдің экспорттық қуатын екі есеге арттыруы тиіс, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Абу-Даби үкіметінің медиа-кеңсесінің хабарлауынша, БАӘ билігі Ормуз бұғазын айналып өту арқылы мұнай экспортын едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа мұнай құбырының құрылысын жеделдету туралы шешім қабылдады.
Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мемлекеттік ADNOC компаниясына West-East Pipeline құбыры жобасын іске асыруды жеделдетуді тапсырды. Жобаны 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жоба аяқталғаннан кейін БАӘ-нің Оман шығанағы жағалауындағы Фуджейра порты арқылы экспорттық мүмкіндігі екі есеге ұлғаюы тиіс.
Жаңа құбыр қазір жұмыс істеп тұрған Abu Dhabi Crude Oil Pipeline (ADCOP), яғни Habshan-Fujairah pipeline деп аталатын мұнай құбырына қосымша болады. Аталған құбыр тәулігіне 1,8 миллион баррельге дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ пен Израиль арасындағы Иранмен қақтығыс аясында Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылғаннан кейін бұл инфрақұрылым БАӘ үшін аса маңызды бола түсті. Әдетте бұғаз арқылы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі өтеді.
Қазіргі таңда Парсы шығанағындағы елдердің ішінде тек БАӘ мен Сауд Арабиясында ғана мұнайды бұғазды айналып өтіп экспорттауға мүмкіндік беретін құбырлар бар.
Жобаны жеделдету туралы шешім БАӘ-нің ОПЕК ұйымынан шыққанынан екі апта өткен соң қабылданды. Бұған дейін ел мұнай өндіру квоталарымен шектеліп келген.
Бұған дейін БАӘ-нің энергетика министрі қажет болған жағдайда ел тәулігіне 6 миллион баррельге дейін мұнай өндіре алатынын мәлімдеген еді. Ал ADNOC компаниясы келесі жылдың өзінде өндірістік қуатты тәулігіне 5 миллион баррельге жеткізуді жоспарлап отыр.
АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соғыс басталғаннан кейін БАӘ-нің мұнай экспорты айтарлықтай қысқарды. Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерге байланысты ADNOC өндірістің бір бөлігін қысқартуға мәжбүр болды.
Осы жағдай аясында Фуджейра порты БАӘ үшін тек мұнай ғана емес, азық-түлік пен өзге де тауарларды экспорттайтын негізгі орталыққа айналды.
Соңғы апталарда БАӘ мен оның сатып алушылары Иран тарапынан болуы мүмкін шабуылдардан сақтану үшін Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауда бақылау жүйелері өшірілген танкерлерді де пайдаланғаны хабарланды.
Сондай-ақ: БАӘ-нің ОПЕК және ОПЕК+ ұйымдарынан шығу себептері аталды. ОПЕК+ елдері Таяу Шығыстағы соғыс аясында мамыр айында мұнай өндіру көлемін арттырады. БАӘ Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы еркіндігіне кепілдік беруді талап етуде.