Backstreet Boys концертінің дресс-коды ақ түс болып жарияланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүкіл әлемге танымал Backstreet Boys тобы биыл Лас-Вегастағы заманауи Sphere аренасында Into the Millennium residency шоуын бастады. Енді дәл осы шоу Қазақстанда өтпек.
Алғашқы концерт 19 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында ұйымдастырылады.
21 қыркүйекте топ елордадағы Astana Arena сахнасында тұңғыш рет өнер көрсетпек.
Концерттік бағдарламада топтың бірнеше буынға таныс Larger Than Life, As Long as You Love Me, I Want It That Way және Everybody сияқты ең танымал хиттері шырқалады.
Әр кеште шамамен 25 ән айтылады. Олардың ішінде ұзақ жылдар бойы орындалмаған Spanish Eyes және The Perfect Fan сияқты сирек шығармалары да бар, сондай-ақ жаңа Hey трегі алғаш рет орындалады. Концерт бір жарым сағатқа созылады.

Шоудың басты ерекшелігі — үлкен 16K LED-экрандар, лазерлер, конфетти және көкке көтерілетін платформалар. Озық дыбыс жүйесінің арқасында әртістердің дауысы стадионның кез келген жерінен анық естіледі.
Backstreet Boys тобының техникалық райдерінде заманауи жарық пен дыбыс жабдықтары, жасырын өткелдер және жылдам киім ауыстыру қарастырылған.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар бірыңғай стиль мен бірлікті көрсету үшін Total White дресс-кодын жариялады. Ақ түс сахналық шоуға әдемі үйлесіп, залда ерекше атмосфера қалыптастырады.
Қазақстандық әлеуметтік желілерде жанкүйерлер бұл идеяны қызу қолдап, #GetReadyWithMe трендіне қосылып, ақ киімдегі образдарын бөлісіп жатыр.
Айта кетелік, Астана әкімдігінің дерегінше, елордадағы концертке Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан және басқа да 45 елден 12 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отыр.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, концертке 27 мың көрермен жиналады деп жоспарланған.
Концерт кезінде тәртіпті қадағалау үшін 2100-ден астам полиция қызметкері, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылады.