«Бадықова STYLE» немесе еркектер бұза алмаған рекорд

Таптым-ау сені
Фото: фильмнің жарнамасы

«Таптым-ау сені» романтикалық комедиясы прокатқа шыққан үш апта ішінде (1.12.2023-18.12.2023) бұрын соңды Қазақстанның кино өндірісінде болмаған биікті бағындырды.

Фильмнің жалпы табысы 1,5 млрд теңгеден асып, бұған дейін 1,3 млрд теңгемен көш бастаған «Бизнес по-казахски» франшизасын аз уақытта басып озды. Бұл бұрын шыққан қазақ фильмдері арасында кассалық табыс бойынша, жаңа абсолютті рекордты көрсеткіш.

Фильмдегі басты рөлдерді Олжас Абай мен жұртшылыққа Айсара рөлімен танылып, соңынан продюсерліктің тізгінін ұстаған Дариға Бадықова сомдады.

«Біз қазір кинокеңістікте жаңа жұлдыздың пайда болғанын көрдік. Жаңа жұлдыздың жанғанына куәміз. Осы жетістігімен Дариға Бадықованы құттықтаймыз. Ол кино өндірісі саласында ер азаматтармен бірге революция жасай алатынын дәлелдеді. Жалпы, қазақтың түпкі тарихындағы, бүгін біз ұмытқан әйел еркіндігі, қандай ауырлықты болсын еркекпен тең көтеріп, қажет болса қолына қару да алатын мықтылығы міне, дәлелденіп жатыр. Дариға табыс табу жағынан жаңа рекорд орнатты. Ал енді, бұл рекордты бұзуға көп жылдар кететін сияқты. Дегенмен уақыт төреші. Біз, өз тарапымыздан осы фильмді қысқы демалысқа дейін көрсетпекшіміз. Сол арқылы Дариға ханымға, кассалық табысты 2 миллиард теңгеге дейін жеткізуге көмектесеміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясының басшысы Алмаз Малдыбаев.

Сюжет бойынша Сəуле мен Жексен бір ауылда тұратын достар. Жексеннің əжесі үйленбей жүрген немересіне қыз тауып бер - деп Сəулеге бұйымтайын айтады. Сəуле көмектесуге келіседі. Бірақ Жексенге: «Қандай жағдай болмасын достығымыз бұзылмасын» деп серттеседі. Жексенге ұнайтын қыз табылып, өмірі өзгере бастайды. Дұрыс киініп, өз-өзіне қарап, тіпті Сəулемен кездесуі сирей түседі. Оның бұлай өзгергеніне ашуланған Сəуле де тұрмысқа шығамын деп, Юсуфтің ілтипатын қабылдайды. Бір күні Жексен мен Сәуле ұрысып қалып, Жексен ашумен Алқа есімді қызға үйленуге шешім қабылдайды...

...Ал, біздің көрермен бұл романтикалық оқиғаның қалай аяқталатынын кинотеатрлардан көре алады. Себебі, рекорд орнатқан фильм әлі де прокатта.

Соңғы жаңалықтар
telegram