Бағаны бақылау: Қытай маркетплейстер үшін жаңа ережелер енгізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда маркетплейстер мен онлайн платформаларға арналған жаңа ережелер 2026 жылдың 10 сәуірінде күшіне енеді. Бұл ережелер баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және сатушылар мен тұтынушыларды қорғауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Бағаны бақылау: Қытай маркетплейстер үшін жаңа ережелер енгізді
Фото: Freepik

Құжатқа сәйкес, платформа операторлары мен олармен жұмыс істейтін сатушылар бағаны белгілеу кезінде заңдылық, әділдік және ашықтық қағидаттарын ұстануға міндетті. Маркетплейстерге сатушылардың баға саясатына негізсіз араласуға, соның ішінде бағаны төмендетуге мәжбүрлеуге, арзандатудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуге, трафикті шектеуге, іздеуде позициялрды төмендетуге, дүкендерді бұғаттауға немесе өнімдерді алып тастауға тыйым салынады.

Бағадағы кемсітушілікке қарсы күреске ерекше назар аударылды. Ережелер сатып алушының хабарынсыз деректерге, алгоритмдерге немесе пайдаланушы профильдеріне негізделген бірдей мәміле шарттарында тұтынушылар үшін бірдей өнімге немесе қызметке әртүрлі бағаларды белгілеуге тікелей тыйым салады. Динамикалық баға белгілеуді қолдануға да шектеулер енгізіледі. 

Құжатта баға белгілеу талаптары күшейтілді. Маркетплейстер мен сатушылар тауарлар мен қызметтердің толық бағасын, соның ішінде жеткізу және басқа да ілеспе алымдарды көрсетуге, сондай-ақ жеңілдіктер, акциялар және субсидиялар шарттарын ашып көрсетуге міндетті. Кез келген қосымша ақылы қызметтер нақты көрсетілуі тиіс.

Жаңа ережелер сонымен қатар әділетсіз баға бәсекесіне, соның ішінде бәсекелестерді ығыстыру үшін тауарларды өзіндік құнынан төмен сатуға, бағамен айла-шарғы жасауға, өнім тапшылығы туралы жалған ақпарат таратуға және әсіресе төтенше жағдай кезінде бағаны әдейі көтеруге тыйым салады. 

Тұтынушыларды қорғау үшін автоматты төлемдер мен жазылымдарға қосымша талаптар енгізіліп жатыр. Платформалар пайдаланушыларға төлем сомасы мен күні туралы алдын ала хабарлауы және мұндай қызметтерден бас тарту үшін қарапайым және түсінікті механизм ұсынуы тиіс. 

Ережелер бес жылдық мерзімге арналған және электрондық коммерция мен цифрлық қызмет көрсетудің қарқынды дамуы аясында Қытайдың платформалық экономикасын реттеудің негізгі құралына айналады.

Бұған дейін Қытай дәрі-дәрмек бағасын тіркеу жүйесін іске қосқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар