Бағдат Мусин бір күнде 25 млрд доллар тапқан «Али баба» компаниясын үлгі етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы барлық салаға цифрландыру жүйесін толыққанды енгізу үшін елдің барлық аумағын интернетпен қамтамасыз ету керек. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы Бағдат Мусин сарапшылар бірлестігімен өткен ашық диалог барысында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бағдат Мусин бір күнде 25 млрд доллар тапқан «Али баба» компаниясын үлгі етті

Айта кетсек, сарапшылардың бас қосуында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық  даму жоспарын таныстырған болатын. Министрдің айтуынша, аталған құжатта 7 реформаға басымдық берілетін болады. Атап айтқанда, құжаттың екінші тармағында «Технологиялық жаңару және Цифрландыру» саласына маңыз берілген.

«Цифрландыру жеке емес, барлық салаға қатысты екенін көпшілік түсініп келе жатқан секілді. Аталған құжаттағы («ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық  даму жоспары» - авт.) мақсаттарды іске асыру жолында цифрландыру айтарлықтай септігін тигізеді. Әлбетте, «экономика салаларының цифрлық трансформациясы» деген бір жағынан түсініксіздеу ұғымға ұқсағанымен, нақты айтқанда - ең негізгі «инфрақұрылымның» осы екенін айта кету керек. Бүгінгі таңда сөзсіз жедел түрде Қазақстанның барлық аумағына, әрбір ауылдарға әлеуметтік желілерді қолжетімді ету керек. Стратегиялық жоспарда бұл қадам бар. Мен осыған қуанып тұрмын», - дейді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, цифрландырудың сауда саласына да маңызы зор. Бағдат Мусин бір күнде қытайлық «Али баба» компаниясы 25 млрд долларлық сауданы (11 қараша күні) жасағанын айта келе, еліміздегі барлық сауда жүйелерін электронды рельске түсіру керектігін атап өтті.

«Егер мемлекеттік деңгейде цифрландыру жүйесі туралы айтар болсақ, біз бизнес-процестердің барлығын қысқартып, цифрландыру жүйесіне көшіру мәселесіне ден қойып келеміз. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру жүйесін енгізу жұмысына жүйелі түрде келген дұрыс. Егер науқас ауруханаға түссе, дәрігер оның келісімімен мәліметтер базасына кіріп, науқастың қайда, қалай емделгенін біле алады. Сол арқылы алдағы емін жалғастыра береді», - дейді Комитет төрағасы.