БАҚ: АҚШ билігі Рауль Кастроны қолға түсіру операциясын дайындап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Америка билігі Куба революциясы жетекшілерінің бірі, армия генералы Рауль Кастроні қолға түсіру операциясын жүргізу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.
АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф 14 мамырда Кубаға барып, Рауль Кастроның немересі Рауль Гильермо Родригес Кастромен кездесті. Axios порталы дереккөздерінің мәліметінше, арнайы қызмет басшысы «Куба түбегейлі өзгерістер жасаса, АҚШ экономика және қауіпсіздік мәселелері бойынша елеулі өзара іс-қимылға дайын» екені жөніндегі Дональд Трамптың мәлімдемесін жеткізген.
Бұған дейін америкалық БАҚ Вашингтон 94 жастағы Кастроға айып тағуға дайындалып жатқанын хабарлаған еді. Айыптар 1996 жылғы оқиғаға байланысты болуы мүмкін. Сол кезде Куба әскери-әуе күштері Майамиде орналасқан «Бауырлар көмекке келеді» атты эмигранттық ұйымының екі ұшағын атып түсірген.
The New York Times басылымы осы жылдың қаңтарында Вашингтон Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы федералдық айыптарды басып кіру мен оны қолға түсіруге сылтау ретінде пайдаланғанын еске салды. Басылым мәліметінше, америкалық шенеуніктер АҚШ Кубада «венесуэлалық сценарийді» қолдануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Газеттің жазуынша, Кубада операция жүргізу туралы түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. The New York Times басылымының бірнеше дереккөзі мұндай әрекетке АҚШ басшылығы келісім бермеуі мүмкін деп санайды. Алайда Кастроны қолға түсіру қаупінің өзі Куба билігін Вашингтонға белгілі бір жеңілдіктер жасауға көндіруі ықтимал екені айтылған.
Айта кетейік, осы айдың басында Трамп әкімшілігі Кубаға қарсы әскери күш қолдануды қарастырып жатқанын жаздық.
Оның алдында, сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаға қарата 70 жыл күткен күннің тууы алыс емес екенін мәлімдеді.