БАҚ: Пентагон АҚШ Қарулы күштерінің құрылымын түбегейлі өзгертуді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) қарулы күштер түрлерінің ірі қолбасшылықтарының өкілеттіктерін қысқартуды, оларды жаңа құрылымға бағындыруды, сондай-ақ әскердің жоғары қолбасшылығындағы күштер теңгерімін қайта бөлуді көздейтін жоспар әзірледі. Бұл туралы құпия қалуды қалаған дереккөздерге сілтеме жасаған The Washington Post газеті жазды.

Пентагон
Фото: Report

Олардың мәліметінше, Пентагон үлкен біріккен қолбасшылықтардың өкілеттігін азайтып, оларды жаңа ұйымдастырушылық модельмен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Мақалада аталған жоспар АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсеттің тапсырмасымен әзірленгені және президент Дональд Трамп әкімшілігінің Таяу Шығыс пен Еуропада бұрын жұмылдырылған әскери қатысуды қысқартып, ресурстарды қайта бөлуге бағытталған күш-жігерінің бір бөлігі екені атап өтіледі.

Материалға сәйкес, реформа аясында АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM), Еуропалық қолбасшылығының (EUCOM) және Африкалық қолбасшылығының (AFRICOM) өкілеттіктерін қысқарту, кейін оларды «АҚШ-тың Халықаралық қолбасшылығы» деп аталатын жаңа құрылымға біріктіру көзделіп отыр.

Сонымен қатар SOUTHCOM мен NORTHCOM-ды «Америка құрлығы бойынша АҚШ қолбасшылығы» (AMERICOM) деген атаумен біртұтас құрылымға қайта ұйымдастыру жоспарланып отыр. Дереккөздердің хабарлауынша, Пентагон өкілдері AMERICOM құрамында АҚШ-тың Арктикалық қолбасшылығын құру мүмкіндігін де талқылаған, алайда кейін бұл идеядан бас тартқан.

Жоспар жүзеге асқан жағдайда АҚШ Қарулы күштеріндегі жауынгерлік қолбасшылықтар саны 11-ден 8-ге дейін қысқарады, сондай-ақ қорғаныс министріне тікелей бағынатын генералдар мен адмиралдар саны да азаяды.

Жарияланымда Пентагон Конгреске жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тек шектеулі ақпарат бергені, бұл Сенат пен Өкілдер палатасының Қарулы күштер жөніндегі комитеттерінде республикалықтар басым екені және наразылық тудырғаны атап көрсетіледі.

Сондай-ақ жоспардың күшіне енуі үшін қорғаныс министрі Пит Хегсет пен президент Дональд Трамптың мақұлдауы қажет екені, ал өзгерістер АҚШ Қарулы күштерінің басқару құрылымын айқындайтын Біріккен қолбасшылық жоспары (Unified Command Plan) аясында қарастырылып жатқаны айтылған.

Еске сала кетейік, Пентагонның атауын өзгерту 2 млрд доллар шығынға түсуі мүмкін екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар