Бақытжан Базарбек: Банктер 10 млн гектар жердің құпиясын мемлекетке ашпай отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «банк құпиясы» ұғымының салдарынан 10 млн гектар жердің мемлекетке қайтарылмай жатқанын мәлім етті.

- Заң жобасындағы 69-бапты алайық. Банктер мемлекеттік органдар сұрау салған жағдайда мүлік мәліметтері туралы банк құпиясын беретіні айтылған. Қазір біздің меморгандар сұрау жіберіп жатыр. Бірақ бәрі «банк құпиясы» деп бойын аулақ алып қашады. Осы заң жобасында «банк құпиясы» деген кедергіні айналып өтетін шығармыз деп ойлағанмын. Мысалы, игерілмей жатқан жерлерді қайтару кезінде мына мәселеге тап болдық. 5-тен 10 млн гектарға дейін жер екінші деңгейлі банктердің қолында қалып отыр. Ол алқаптарды мемлекетке қайтарып, айналымға шығара алмай отырмыз. Өйткені банктер мемлекеттік органдарға «банк құпиясына» сүйеніп жауап бермей отыр. Жер кодексінің 93, 94-баптарында банктер 6 айдан астам уақыт игермеген жерді мемлекетке қайтару керектігі айтылған. Заң жобасының 69-бабы ол нормаға қайшы, - деді Бақытжан Базарбек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова банк құпиясын ашуға негіз болатын талаптар тізбесі бар екенін, өзі таныстырған заң жобасы арқылы ол тізбені кеңейтуге ешқандай қажеттілік жоқ деп есептейтінін айтты.
- Дегенмен нақты жер телімдеріне қатысты мәселені шешудің басқа жолдары бар. Кімнің иелігінде қанша жер бар екенін білуге, ол туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға беруге болады, - деді агенттік басшысы.
Айта кетейік, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасы таныстырды.