Бақытжан Базарбек «СҚ-Фармация» ісі жөнінде: жақында тың деректер жарияланады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы (ӘМСҚ) ұрлық фактілері, сондай-ақ «СҚ-Фармация» компаниясына қатысты жүргізіліп жатқан тергеу бойынша пікір айтты.

Бақытжан Базарбек
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ескес салсақ, былтыр Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әріптесі Мұрат Әбеновпен бірге берген өтініш негізінде «СҚ-Фармация» ЖШС қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын. 

— «СК-Фармация» бойынша жақында ақпарат болады. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүріп жатыр, - деді Б. Базарбек Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Сонымен қатар ол Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) қатысты айта келе, қордан қаражат шығару дерегі бойынша Бас прокуратураға арыз дайындап жатқанын хабарлады.

— Әлі құқықтық баға берілмеген фактілер бойынша осы аптада Бас прокуратураға өтініш жібереміз. Осы уақытқа дейін жауапкершілікке тартылмаған адамдар бар, яғни МӘМС жүйесінде жұмыс істемейтін лауазымды адамдар туралы айтып тұрмын. Олар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ақша ұрланған, сондықтан әділ жаза болуы керек, - деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов медициналық сақтандыру қорындағы жемқорлыққа қатысты пікір айтып, кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлім етті. 

Былтыр күзде Қаржылық мониторинг агенттігі «СҚ-Фармация» компаниясына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар