Баку 2026 жылы әлемдік спорттың астанасы болады

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан астанасында мемлекеттік органдар өкілдері мен Еуропаның спорт астаналары мен қалалары федерациясының (ACES) өкілдері қатысқан «Әлемнің спорт астаналары» естелік тақтасына қол қоюдың ресми рәсімі өтті, деп AZƏRTAC жазды.

Баку 2026 жылы әлемдік спорттың астанасы болады
Фото: Kazinform

Осылайша, «Әлемдік спорт астанасы» атағы ресми түрде Монакодан Бакуге өтті.

Баку қаласының атқарушы билігінің басшысы Эльдар Азизов Бакудің Әлемдік спорт астанасы болып таңдалуын қуанышты әрі маңызды оқиға деп атады. Оның айтуынша, Президент Ильхам Алиевтің ерекше қолдауы мен қамқорлығының арқасында спорт елдің барлық өңірінде қарқынды дамып келеді.

Жастар және спорт министрі Фарид Гаибов Әзербайжанның бұған дейін көптеген халықаралық спорттық жарыстарды қабылдағанын еске салды. Оның сөзінше, алдағы жылы Бакуде бұдан да қызықты әрі ауқымды спорттық бәсекелер өтеді деп күтіледі.

Ал ACES президенті Джан Франческо Лупателли Бакудің әрдайым спортты дамытуда алдыңғы қатарда болғанын және қаланың спорттық инфрақұрылымының жоғары деңгейімен ерекшеленетінін атап өтті.

ACES — штаб-пәтері Брюссельде орналасқан, коммерциялық емес ұйым. Ол жыл сайын әртүрлі құрлықтардағы қалаларға «Спорт астанасы» атағын және өзге де спорттық марапаттар табыстайды. Бұл атақтар мен марапаттар этикалық қағидаттарға негізделіп, қоғамдағы әлеуметтік интеграцияны, психофизикалық әл-ауқатты және өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сондай-ақ ACES — Еуропалық комиссия ұйымдастыратын Еуропа спорт аптасының ресми серіктесі әрі ЮНЕСКО-ның серіктесі.

Бұған дейін Бакуде екі кабатты метро құрылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар