Бакуде БҰҰ-ның Әлемдік қалалар форумына арналған көлік стратегиясы таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Бакуде 2026 жылғы 17-22 мамыр аралығында өтетін БҰҰ-ның Әлемдік қалалар форумына (World Urban Forum) дайындық аясында көлік стратегиясы таныстырылды.
Брифинг барысында жауапты ведомстволар форумға қатысушылар мен қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі тиімді қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды логистикалық жоспарды жария етті.
Жиынға ІІМ жанындағы зияткерлік көлік басқару орталығының басшысы Намидан Пириев, Azerbaijan Land Transport Agency өкілі Эмин Маджидов және форумның операциялық компаниясы көлік департаментінің жетекшісі Вугар Асланов қатысты.
Мамандардың айтуынша, әзірленген жүйе делегациялардың келу бағыттарынан бастап, қала ішіндегі цифрлық навигацияға дейінгі барлық элементтерді қамтиды. Негізгі мақсат – қозғалысты синхронды әрі түсінікті ұйымдастыру.
– Форум қатысушыларына алдын ала әзірленген маршруттар, ыңғайлы көлік ауысу тораптары және нақты белгіленген көлік аймақтары ұсынылады. Бұл уақытты үнемдеп, қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтады, – деді Вугар Асланов.
Қоғамдық көлікке ерекше назар аударылған. Эмин Маджидовтің айтуынша, форум кезінде тасымал жүйесі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бірқатар магистральдарда арнайы жолақтар енгізіліп, қосымша жол белгілері мен таңбалар орнатылады.
Сондай-ақ көлік-ауыстыру тораптарын іске қосу, такси қызметін оңтайландыру және микромобильділікті дамыту көзделген. Қоғамдық көліктің қозғалысы AYNA платформасы арқылы нақты уақыт режимінде бақыланып, жол жағдайына жедел әрекет ету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Намидан Пириев қозғалысты реттеу жол полициясымен тығыз үйлестірілетінін атап өтті. Бұл форум қонақтары мен қала тұрғындары үшін тұрақты көлік ағынын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа шешімдердің бірі – негізгі магистральдарда «жасыл дәліз» жүйесін енгізу. Ол бағдаршамдарды үйлестіріп, кептелістердің алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылы Баку қаласы БҰҰ-ның Әлемдік қалалар форумын қабылдайды.
Еске салайық, Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосты.