Бакуде ТүркПА комиссияларын реформалау туралы шешім қабылдануы мүмкін
Жиынға төрағалық еткен Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров бүгінгі күн тәртібінде ТүркПА жұмысын жетілдіру мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті. Оның ішінде бірнеше кезекте ТүркПА тұрақты комиссияларын қайта құру мәселелері талқыланды. «ТүркПА комиссияларын реформалау туралы Бакуде өтетін Ассамблеяның пленарлық сессиясы шешім қабылдаған жағдайда ТүркПА қызметі кеңейіп, тың қарқын ала түседі деп ойлаймын», - деді Н. Әбдіров. Басқосуда ТүркПА заңды құқықтық базасын жетілдіру мәселелері талқыланатын болады. «Парламенттік Ассамблеяға мүше мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіру аса маңызды. Бұл ретте ТүркПА іс басындағы төрағасы Түркия Республикасы тарапынан сараптамалық жиындар өткізу басталып кетті. Атап айтқанда, Анкарада сарапшылар сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік басқаруды жетілдіру саласында заңнаманы жақсартуға қатысты семинарлар өткізді. Бұдан бөлек, Ассамблея аясында түрлі деңгейдегі басқосулар дәстүрге айналып отыр», - деді Н. Әбдіров. Ал Мәжілістегі Халықаралық істер қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркітілдес мемлекеттермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оны жаңа деңгейге көтеру Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдығы екенін айтты. «Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да түркі тілдес мемлекеттер Қазақстан үшін ең жақын бауырлас елдер болып табылады. Біздің тегіміз, дініміз, тіліміз бір, дәстүріміз ортақ. Сондықтан да, біздің арамыздағы қарым қатынастың тығыз болуы заңды», - деді депутат М. Әшімбаев.