Бала мен жұмыс арасындағы балансты қалай сақтау керек – психолог кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысбастылығына байланысты баласына жеткілікті көңіл бөле алмай жүр. Бұл – Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі. Осы мәселеге қатысты психолог Ғалияш Мақашева пікір білдірді.

– Менің ойымша, бұл тек сылтау. Себебі балаға көңіл бөлу үшін міндетті түрде жанында отыру шарт емес. Эмоциялық байланысты Антарктидада жүріп те орнатуға болады. Көп ата-аналар баланы кішкентай кезінде еркелетеді, өйткені ол кезде баладан энергия алады, оның тәтті қылығына қуанады. Бірақ бала өскен сайын эмоциялық байланыс азайып, ара қатынас салқындай бастайды. Ал шын мәнінде, балаға күніне жиырма минут уақыт бөліп, сөйлесіп, сабағын қарау да жеткілікті, – дейді маман Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында.

Психологтің айтуынша, баламен физикалық қатынас емес, эмоционалды байланыс маңызды. Ата-ана жұмыстан шаршап келсе де, баланың бөлмесінде бірге отырып, жай ғана жылы жүзбен қарап, ойын тыңдауы – оның санасында «мен маңызды адаммын» деген сенімді қалыптастырады. Ал «шулама», «кетші әрі» деген сөздер, керісінше, балаға суық әсер етеді.
– Көп отбасында әке бала өміріне физикалық жағынан да, эмоционалды тұрғыдан да аз араласады. Бала тәрбиесімен көбіне анасы айналысады, ер адамдар «мен не істей алам?» деп тартынады. Егер әкеге бала күнінде өзі әкесінің назары жетіспеген болса, ол өскенде де сол модельді қайталайды. Сондықтан әр әке өзі жаңа формула жасауы керек. Өз баласына жан жылуын беруге талпынса, ұрпақ арасындағы осы олқылықты тоқтатуға болады, – дейді Ғалияш Мақашева.
Психологтің пікірінше, жұмыс пен бала тәрбиесі арасындағы мінсіз тепе-теңдік болмайды. Бірақ бұл – баламен байланысты үзуге себеп емес.
– Бала жарысқа қатысып жатса, «балам, мен сен үшін уайымдап отырмын, жеңсең де, жеңбесең де, сені жақсы көремін» деп хабарласу да жеткілікті. Ол үшін көп уақыт қажет емес, бір қоңыраудың өзі баланың есінде қалады, – дейді ол.
Ғалияш Мақашева қоғамда ең көп кездесетін қателіктердің бірі – тәрбиені нотация, яғни ақыл айту деп түсіну екенін айтады.
– Тәрбие – сөз емес, іс арқылы берілетін құндылық. Бала ата-анасының махаббатын, қызығушылығын, қамқорлығын сезінуі керек. Қазір алысты жақындататын құралдар көп – видеоқоңырау, хат, хабар. Бастысы – бала өзін маңызды сезінсін, – дейді маман.
Сонымен қатар, психолог қыз бала мен әке арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше тоқталды.
– Көп ер адам бойжетіп келе жатқан қызына салқын қарайды. «Артық кетіп қалам ба?» деген қорқыныш бар. Бірақ сол салқындық қыздың жүрегінде «менде бірнәрсе дұрыс емес» деген ой тудырады. Кейін ол өзін бағаламайтын, бірақ «сені жақсы көремін» деп айтатын адамға тәуелді болуы мүмкін. Сондықтан қыз баланың өміріндегі әке рөлі – ең алғашқы ер-образ екенін ұмытпау керек, – дейді Ғалияш ханым.
Оның сөзінше, әке мен бала арасындағы жылулық – ұлт болашағына әсер ететін маңызды фактор. Егер әке өз эмоциясын көрсетіп, баламен ашық сөйлесуді үйренсе, келесі буын да сол мәдениетті жалғастырады.
– Әке рөлін міндет емес, жүрек қалауы деп қарау керек. Балаңызға эмоцияны сіз бермесеңіз, ешкім бере алмайды. Сол байланыс үзілмеуі керек, – деп қорытындылады психолог Ғалияш Мақашева.
Айта кетейік, Қазақстанда әрбір жетінші ата-ана жұмысбастылығына байланысты баласына көңіл бөле алмай жүргенін жазған едік.