08:29, 02 Шілде 2010 | GMT +5
Бала тәрбиесіне енжар қараған ата-аналар айыппұл төлеуге мәжбүр болды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында биылғы жылдың басынан бері ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдерінің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауына байланысты 47 әкімшілік іс қаралып,
оның 45-не жаза тағайындалған.
Тағайындалған жаза бойынша 40 адамға «ескерту» берілсе, 5 ата-анаға заңда көрсетілген негізде айыппұл салынды. Демек, ата-ана немесе бала тәрбиесіне заңды өкіл өз міндеттерін орындамағаны үшін айыппұл төлейді. Бір ғана мысал, азамат М.Б. ата-аналық міндетін дәлелді себептерсіз орындамауы салдарынан өз тәрбиесіндегі кәмелетке толмаған баласы Ә.Б-ның қылмыс жасауына жол бергені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша кінәлі деп табылды. Оған алты айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 8 478 теңге көлемінде айыппұл салынған.