Балабақшадан орын алып беремін дейтін алаяқтар көбейді – Оқу-ағарту министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ата-аналарға ақшалай сыйақы үшін баласын балабақшаға кезексіз орналастырып беруді уәде еткен заңсыз хабарландырулар қаптап кетті. Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мәжілісте өткен брифингте мұндай ұсыныстардың алаяқтық екенін айтып, ата-аналарды сақ болуға шақырды.

балабақша
Фото: СҚО әкімдігі

Вице-министрдің айтуынша, қазір балабақша кезегі толықтай цифрландырылған. Жүйе электронды болғандықтан, оны сырттай айналып өту немесе процесті жасанды түрде жеделдету мүмкін емес. Өтінішті де бөгде адамдар емес, тек баланың заңды өкілдері өз аттарынан жолдай алады.

– Баланы балабақшаға орналастырғысы келетін ата-ана өзінің ЖСН-і мен ЭЦҚ кілті арқылы ғана өтініш беріп, баланы кезекке қоя алады. Сондықтан ешқандай заңсыз схемаларға орын жоқ, ал мұндай әрекеттер үшін ел заңнамасында қатаң жауапкершілік қаралған, – деді Шынар Ақпарова.

Ведомство өкілі кезексіз орын алып беру туралы қауесеттерге сенбеуді және бәрі заң шеңберінде, өз ретімен ғана шешілетінін айтты.

– Барлық ата-аналарға айтарым – мұндай заңсыздыққа жол берілмейді. Бізде бәрі тек қалыптасқан кезек бойынша жүреді. Платформа арқылы балабақшаларға кезекке тұру процесі бар. Сондықтан мұндай қауесеттерге ермеу керек, міндетті түрде өздеріңіз жеке кабинет арқылы өтініш беріп, өз кезегіңізді күтуіңіз қажет, – деді вице-министр.

Айта кетейік, елімізде мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған болатын.