Балабақшаға қабылдау үшін қандай құжаттар қажет
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жаңа оқу жылына балабақшаға қабылдау қарсаңында ата-аналар қажетті құжаттарды алдын ала әзірлеп қойғаны жөн.
Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева мәлім етті.
Оның айтуынша, баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін бірқатар міндетті құжат тапсырылады.
— Атап айтқанда, 3×4 көлеміндегі фотосурет, № 065/у нысанындағы профилактикалық екпе картасы, № 052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты және № 027/у нысанындағы медициналық анықтама қажет. Медициналық құжаттар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына сай рәсімделуі тиіс, — деді Маржангүл Қайырбаева.
Спикердің айтуынша, қабылдау барысында туындайтын сұрақтар бойынша ата-аналар мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың консультациялық пункттеріне жүгіне алады.
— Мамандардың байланыс деректері Астана қаласы Білім басқармасының ресми сайтындағы «Қызметі → Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінде және Indigo24.kz порталындағы «Пайдалы ақпарат» бөлімінде жарияланған, — деді ол.
Сондай-ақ Білім басқармасының Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімі дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 07:30–дан 17:00–ге дейін ата-аналарға кеңес береді. Түскі үзіліс — 12:00–ден 13:30–ға дейін.
Қосымша ақпарат алу үшін 8 (7172) 55-68-64, 55-72-49, 55-74-36 және 55-68-74 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.
Айта кетейік, Астанада 2026–2027 оқу жылына балабақшаға жолдама беру 1 шілдеден басталады.