Балаға смартфонды шектеу жеткілікті ме: киберқауіпсіздік маманы ата-анаға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде смартфон баланың білім алуына, ақпарат іздеуіне және жақындарымен байланысуына мүмкіндік беретін күнделікті құралға айналды. Алайда интернет кеңістігі балалар үшін кибербуллинг, алаяқтық, қауіпті контент, бейтаныс адамдардың байланысқа шығуы және жеке деректердің таралуы сияқты қауіптерді де қатар алып келді.

Вступил в силу запрет на использование смартфонов во французских лицеях
Фото: RFI

Осыған байланысты әлемнің бірқатар елінде балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізіліп жатыр. Австралияда 2025 жылғы желтоқсаннан бастап 16 жасқа толмаған балалардың бірқатар әлеуметтік желіде аккаунт ашуына тыйым салынды. Шектеу Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X және YouTube секілді платформаларды қамтиды. Ал мессенджерлер, білім беру және денсаулық сақтау сервистері бұл талаптан тыс қалды.

Мысалы Францияда 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектеу туралы бастама көтерілгенімен, биыл Конституциялық кеңес бұл заңды бұғаттады. Ел билігі мәселені қайта қарауды жоспарлап отыр. Ал Словакияда 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы заң жобасы ұсынылды.

Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілердегі қауіпсіздігі күн тәртібіне шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою бастамасын қолдады.

Алайда бұл смартфонды толық пайдалануға тыйым салу дегенді білдірмейді. Киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматайдың айтуынша, баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін платформаларға шектеу қоюмен қатар, ата-ана бақылауы мен цифрлық сауаттылықты қалыптастыру маңызды.

Кибербуллингтен грумингке дейін

Маманның айтуынша, балалар интернетте ойын ойнап, сабақ оқып қана қоймай, әлеуметтік желілер арқылы таныс адамдарымен және бейтаныстармен де сөйлеседі. Осы ортада кибербуллинг сияқты қауіптер туындауы мүмкін.

Гүлдана Жұматай
Фото: видеодан алынған скрин

– Мектепте бала буллингке ұшыраса, оның айналасындағылар мұны байқап, куә бола алады. Ал кибербуллинг – желідегі қысым. Біреуге жай сөз болып көрінгенімен, бала үшін ол үлкен психологиялық қауіп болуы мүмкін. Сонымен қатар ересек адамның баламен достасып, ақпараттарын жинап алуы, яғни груминг те қауіптің бір түрі, – деді Гүлдана Жұматай.

Оның айтуынша, балалар фишингтік сілтемелер мен түрлі жарнамалар арқылы да алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін. Баланың өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан, ол ақпараттың шынайы не жалған екенін бірден ажырата алмауы ықтимал.

Мысалы алаяқтар балаға «сыйлық ұтып алдың» немесе «ақша табуға мүмкіндік бар» деген жарнама көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда бала оның қауіпті екенін түсінбей, ата-анасын қуанту немесе сыйлық алу ниетімен күмәнді сілтемеге өтіп кетуі ықтимал.

Сондықтан маман балаларды интернеттен толық оқшаулау дұрыс шешім емес деп санайды.

– Жалпы платформада отырмау, толық шектеу қою – менің ойымша, қате. Шектеу керек, бірақ фильтрлерді де орната білу қажет. Мысалы баланың жасына қарай тиісті контент ұсынылуы керек. Кей ақпаратты бала психологиялық тұрғыдан қабылдауға дайын болмауы мүмкін немесе оны шынайы деп қабылдауы мүмкін, – деді ол Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Ата-ана бақылауы мен сенім қатар жүруі керек

Гүлдана Жұматайдың айтуынша, баланың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-ананың бақылауы маңызды. Қазір смартфондарда баланың интернеттегі әрекетін шектеуге мүмкіндік беретін арнайы ата-ана бақылауы функциялары мен бағдарламалар бар.

Алайда техникалық бақылаумен қатар, ата-ана мен бала арасында сенім қалыптастыру да қажет.

– Біз ата-аналарға балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екі басты принципті ұсынамыз. Біріншісі – ата-ана бақылауы, яғни смартфондардағы арнайы бағдарламаларды пайдалану. Екіншісі – сенім. Бала интернеттен бір нәрсе оқып, күмәнданса немесе қорықса, жауапты интернеттен емес, ата-анасынан іздеуі керек, – деді маман.

Оның пікірінше, цифрлық гигиена баланың тәрбиесінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Бала кішкентай кезінен интернеттегі қауіпсіздік ережелерін біліп, ата-анасымен түрлі тақырыпты ашық талқылауға үйренсе, болашақта алаяқтық схемаларды тану қабілеті де қалыптасады.

Маманның сөзінше, баланың интернеттегі қауіпсіздігі тек белгілі бір жасқа дейінгі шектеумен шешілмейді. Басты мақсат – баланы цифрлық ортада өзін қауіпсіз ұстай алатын, ақпаратты саралайтын және күмәнді жағдайда көмек сұрайтын деңгейге жеткізу.

Сондықтан әлеуметтік желілерді пайдалануға қойылатын жас шектеуі ата-ананың бақылауы мен баланың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру шараларымен қатар жүргенде ғана тиімді болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін, Жаңа оқу жылында буллингке қарсы қандай қосымша тетіктер енгізілетінін жазған едік.