Балалар құқығын қорғау: 2025 жылы Астанада 11 981 іс тіркелген

АСТАНА. KAZINFORM — Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты істер бір жыл ішінде 100-ге азайған. 2024 жылы сотқа 12 085 іс, ал 2025 жылы 11 981 іс түскен. 

Алименттің белгіленген мөлшерін бекіту бәріне бірдей қолайлы болмайды - сарапшы
коллаж: Kazinform

Бұл жөнінде Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Лейла Зинашева мәлімдеді. Оның сөзінше, сот процесі басталғанға дейін ерлі-зайыптылар тегін психологиялық көмек пен медиатордың қолдауына жүгіне алады. Соның арқасында татуластыру рәсімдері оң нәтижесін берген.

— 2025 жылы 3 380 іс медиативтік келісімдермен және тараптардың татуласуымен аяқталды. Сотқа арыз беру алдында 200-ден астам отбасы татуласты, 4 665 медиативтік келісім соттан тыс жасалды, — деді ауданаралық сот төрайымы.

Статистика аз-кем жақсарғанмен, балалардың құқығына қатысты мәселелер түп-тамырымен жойылып кеткен жоқ. Мәселен, кәмелетке толмағандардың мүліктік құқығын қорғауға байланысты бірқатар шешім қабылданған.

— 2025 жылы алимент өндіріп алу мақсатында 2 131 сот бұйрығы шығарылған. Бұл — жалпы істер санының 17,7%-ы. Сондай-ақ, келіп түскен істердің арасында ең көп тарағаны — некені бұзу туралы талаптар, олардың үлесі — 54,7%, — деді Лейла Зинашева.

Сондай-ақ, Л. Зинашева құқықтық ағарту саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Заманауи технологияларды енгізу және құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру шеңберінде бағдарламалау колледжінің студенттерінің қолдауымен жасанды интеллект элементтері бар «Отбасы көмек» веб-платформасы әзірленді. Платформа ювеналды сот төрелігінің міндеттеріне, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге бағытталған, — деді Л. Зинашева.

Еске салайық, бұған дейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия былтыр 7000-нан астам істі қарағанын хабарлаған едік.

Алпамыс Файзолла

Соңғы жаңалықтар