Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Балалар үйінде құны 2 миллионнан асатын кәсіптік шеберханалар ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Ақкөл қаласының жетім балаларға және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған № 1 балалар үйінде екі шеберхана - шаштараз, маникюр және визаж кабинетін, сондай-ақ темір-ағаш ұстасы шеберханасын ашу рәсімі өтті, деп хабарлайды Қордың баспасөз қызметі.

Балалар үйінде құны 2 миллионнан асатын кәсіптік шеберханалар ашылды

Кәсіптік кабинеттер «АЯЛА» қайырымдылық қорының «Шебер қолдар» атты республикалық жобасы шеңберінде ашылды. Жалпы құны  - 2 475 450 теңге.

Демеушілермен бірге балалар үйіне астаналық SOHO сұлулық салонының шебері Нұрсұлу Сәукелеева келді, ол тәрбиеленуші қыздар үшін шаш қою үлгілері бойынша шеберлік класын өткізді. Шеберлік класынан кейін қыздар конкурсқа қатысты, онда қазылар алқасы орындар мен номинацияларды бөліп берді.

«Шебер қолдар» жобасының ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды және мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілерін әлеуметтендіруге бағытталғанын еске саламыз. Осындай сипаттағы білім беру мекемелерінің ең маңызды міндеттерінің бірі - балаларды дербес өмірге дайындау. Ол үшін балалар үйлерінде және интернаттарда балаларды жұмысшы мамандықтардың бастапқы дағдыларына үйрету бойынша шеберханалар ашылуда. Олардың қатарында тігін, картон-түптеу, темір ұстасы шеберханалары, шаштараз өнері кабинеттері және әлеуметтік-тұрмыстық бағдар бөлмелері бар.

Айта кетейік, осыған дейін «АЯЛА» қоры Қазақстанның түрлі қалаларындағы балалар үйлерінде және интернаттарында 4 шаштараз ісі кабинетін, 6 темір-ағаш ұстасы шеберханасын, 11 тігін шеберханасын және 7 әлеуметтік-тұрмыстық бағдар бөлмесін ашты. Барлығы жобаға 19 млн астам теңге жұмсалды.