Балалар үйінің 100-ден астам тәрбиеленушісі республикалық фестивальде бақ сынайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы сенбіде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар шығармашылығының І республикалық фестивалі өтеді. Фестиваль ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Актив лайф» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі және Бахытжан Тажиновтың Шығармашылық шеберханасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Балалар үйінің 100-ден астам тәрбиеленушісі республикалық фестивальде бақ сынайды

Фестивальге Астана қаласындағы және Қазақстан Республикасының басқа да өңірлеріндегі балалар үйінің 7 жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілері қатысады.

Еліміздің әйгілі өнер шеберлері, аса көрнекті мәдениет қайраткерлері және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған талантты балалар бір сахна төрінде тоғысады.

Фестиваль күндері іс-шара қатысушылары мен қонақтарына арналған шығармашылықтың әртүрлі бағытындағы атақты мамандардың шеберлік сыныптары мен семинарлары өткізіледі.

Фестивальдің байқаулық бағдарламасы бірнеше номинация бойынша жүргізіледі:

1. «Эстрадалық вокал» - патриоттық әндерді орындау.

2. «Заманауи ұлттық киім үлгісі».

3. «Көркем сөз» - туған жер туралы шығарманы орындау.

4. «Халықтық қолөнер» - Ұлы дала шебері.

5. «Фотосурет» өнері - менің заманымдағы батырлар.

6. «Хореография» - қазақтың ұлттық биі.

null  «Бұл фестивальде балалардың өнері тамашаланып қана қоймайды, балаларға үміт, жаңа өмірге бастама беріледі. Біздің мақсат - балаларға жылулықты, қамқорлықты өнер арқылы сезіндіру. Ал фестиваль қатысушыларына келсек, «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша 36 қатысушы сынға түседі және де бұл ең үлкен көрсеткіш, келесі «Көркем сөз» номинациясында - 23 қатысушы, «Халықтық өнерде» - 21 қатысушы, «Хореография» - 16 қатысушы, «Фотосурет» - 13 қатысушы,«Заманауи ұлттық киім үлгісі» - 12 қатысушы бақ сынайтын болады. Ең көп үміткер Оңтүстік Қазақстан облысынан келді, олардың саны - 17 бала», - дейді жобаның авторы әрі бас режиссері Бақытжан Тажинов.

null Байқау күндерінің қорытындысы бойынша кәсіби әділ қазылар алқасы әр номинация бойынша үш жүлделі орынның лауреаттарын және Гран-при иегерін таңдап алады.

30 маусым күні еліміздің ең үлкен телеорталығы «Қазмедиа Орталығында» үздік хореографиялық және орындаушылық ұжым мен «Бүгіннің баласы -болашақтың данасы» атты алғашқы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар шығармашылық республикалық фестивалі жеңімпаздарының қатысуымен гала-концерт өткізіледі.

Еске сала кетейік, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі - аталмыш байқаудың ақпараттық серіктесі.