Бала қауіпсіздігі: 2026 жылы қандай өзгеріс болды

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері аса маңызды. Қазір бұл бағыттар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» жалпы қағидатымен үндестірілген.

балалар
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұл бағыттағы негізгі басымдық ерте профилактикаға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға берілген. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап елдің барлық мектептері мен колледждерінде нормативтік тәртіпте «ДосболLIKE» және KiVa антибуллинг бағдарламалары енгізілді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас фактілеріне мемлекеттік органдардың бірыңғай әрекет ету алгоритмдері бекітілді. Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірлік деңгейде барлық облыста мамандандырылған психологиялық қолдау орталықтары ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар мемлекеттік бақылау айтарлықтай күшейтілді. Уәкілетті органдардың тексерістері енді міндетті түрде мектептегі тамақтану сапасын, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің толықтығын және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарының сақталуын қамтиды.

2026 жылғы негізгі құқықтық өзгеріс – балалардың құқығын қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін тікелей әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі болды. Енді буллинг фактілерін елемеу, асханалардағы тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер немесе тиісті профилактикалық жұмыстың жүргізілмеуі үшін оқу орындарының басшылығы мен жауапты тұлғалар заң алдында жеке жауапкершілікке тартылады.

Осы жұмысты жергілікті деңгейде үйлестіру үшін әкімдіктер құрылымында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар түріндегі жеке салалық ведомстволар құрылып жатыр. Олар мектептер, қамқоршылық органдары, психологиялық қызметтер мен әлеуметтік мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды тікелей үйлестіреді.

Мамандардың жүктемесін азайтып, жұмыстың сапасын арттыру мақсатында алғаш рет заңнамалық деңгейде қамқоршылық органдары үшін қатаң кадрлық норматив бекітілді: 5 мың балаға кемінде бір инспектор қарастырылған.

Осылайша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген кешенді тәсіл шашыраңқы қолдау шараларын бірыңғай, ашық әрі технологиялық экожүйеге айналдыруға мүмкіндік береді.

Инфрақұрылымды қаржыландыру, тікелей төлемдер, цифрлық ваучерлер және Ұлттық қордағы мақсатты шоттар – мұның барлығы елдің адами капиталына бағытталған ұзақмерзімді мемлекеттік инвестициялар.

Үкімет өз тарапынан балаларды қорғау, қауіпсіз әрі дамытушы орта қалыптастыру мәселелерін ерекше бақылауда ұстап, табысты пилоттық жобаларды кезең-кезеңімен кеңейтуді және әрбір жас қазақстандық үшін институционалдық кепілдіктерді күшейтуді жалғастыратынын мәлім етті.

Айта кетейік, балалар денсаулығын қаржыландыру бес жылда екі еседен астам өсті.