Балалар денсаулығын қаржыландыру бес жылда екі еседен астам өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалар денсаулығын қорғау және медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтіліп келеді. Соңғы бес жылда бұл саланы қаржыландыру көлемі 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін өскен.
Бұл туралы Үкіметтің балаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың іске асырылу барысы туралы мәліметінде айтылды.
– Қазіргі таңда балаларға медициналық көмек Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі, – делінген хабарламада.
Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде бала дүниеге келмей тұрып патологияларды анықтау мен алдын алуға ерекше назар аударылып отыр.
Фетальды хирургияны, яғни құрсақтағы балаға жасалатын операцияларды енгізу және 4 мыңға жуық мейіргер жұмыс істейтін патронаж жүйесін дамыту оң нәтижелер берген.
– Бұл шаралар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімін 7,5 есеге, ал ана өлімін 6 есеге төмендетуге мүмкіндік берді, – деп атап өтілді.
Туғаннан кейін балалар неонатальды, аудиологиялық және офтальмологиялық скринингтерден өтеді. Сонымен қатар олардың даму көрсеткіштері тұрақты бақылауда болады.
Еліміздің өңірлерінде балалар ауруханалары жаңартылып, жаңа перинаталдық орталықтар салынып жатыр.
Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі де кеңейтілуде.
– Оның ішінде балалар онкогематологиясы саласындағы қызметтердің қолжетімділігі артып келеді, – делінген мәліметте.
Жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Қазір әрбір мектеп алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына бекітілген.
Білім беру ұйымдарында аурулардың алдын алу, дене дамуын бақылау және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жүргізетін медициналық пункттер жұмыс істейді.
2025 жылдан бастап мектептерде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеретін жаңа тамақтану стандарты енгізілді.
Психикалық денсаулықты қолдау жүйесі де дамып келеді.
– Балалар мен ата-аналар жастар денсаулығы орталықтарына және психикалық денсаулық орталықтарына жүгініп, кеңес пен көмек ала алады, – делінген хабарламада.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін «112» бірыңғай нөмірі қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар жасөспірімдердің денсаулығына зиянды әсерді азайту үшін электронды темекі мен вейптердің айналымы заңмен шектеліп, 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынды.
Айта кетейік, Алматыда балалар мерекесіне орай тегін медициналық тексерулер мен акциялар өтіп жатыр.