Балалардың қауіпсіздігі: жоспардан тыс тексеруге қалай өтініш беруге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелерінде жаңа бақылау жүйесі енгізілді. 

балалар
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Жаңа тәртіпке сәйкес, жоспардан тыс тексерулер алдын ала ескертусіз жүргізіледі, бірақ тек нақты фактілер мен дәлелдер болған жағдайда ғана басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина хабарлады.

Ерекше бақылауға шамамен 15 мыңға жуық білім беру ұйымы кіреді. Оған балабақшалар, мектептер, интернаттар, студенттік жатақханалар, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен балалар үйлері жатады. Жаңа тәртіп балалардың нақты өмірі мен қауіпсіздігін бақылауға, сондай-ақ мекеме басшыларының жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

— Тексеру үшін анонимді өтініштер негіз бола алмайды, ал балалардың құқықтарының бұзылуына куә болған азаматтар e-Otinish порталы арқылы ресми өтініш бере алады. Осы өтініш негізінде ғана жоспардан тыс тексеру басталады. Жаңа тәртіп жазалау үшін емес, балаларға қауіп төнбеуін қадағалау, тәуекелдерді уақтылы анықтау және мекеме басшыларының жауапкершілігін арттыру үшін енгізілді, — деді Юлия Овечкина.

Осылайша, ата-аналар мен азаматтар құқық бұзушылықты байқаса, портал арқылы шағым беріп, балалар мекемелерінде нақты тексерудің басталуына себеп бола алады. Ал жоспарлы тексерулердің тізімі жыл сайын автоматты түрде қалыптасып, комитеттің ресми сайтында жарияланады.

Айта кетейік, балалардың қауіпсіздігін бақылау үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілетіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар