Балалардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастырған өңірлер аталды
АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істейді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті.
– Жалпы алғанда биылғы жазда 11 135 демалыс орталығы жұмыс істеп, 3 млн 200 мың бала демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады. Соның ішінде 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін 20 орталықта, 168 мың бала – 187 маусымдық орталықта, 2 млн 990 мың бала – 10 928 мектеп және мектептен тыс ұйымдар жанындағы демалыс орталықтарында демалады, - деді Ж. Сүлейменова.
Оның айтуынша, қамту көрсеткіші Павлодар, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облыстарында, Астана, Алматы қалаларында жоғары.
- Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 5 мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады. Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады, - дедің министр.
Сонымен бірге:
- тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 729 мың бала,
- ерекше білім беруді қажет ететін 52 700 бала,
- педагогикалық назарды қажет ететін 17 100 бала демалыспен қамтылады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мейрамханаларда мектеп бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салынды.