Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 236,9 млн. теңге бөлінді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңесте балалардың жазғы демалысын дұрыстап ұйымдастыру, ҰБТ қорытындылары және жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау мәселелері талқыланды.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 236,9 млн. теңге бөлінді - БҚО

Өңір басшысының атап өткеніндей, ҰБТ бойынша орташа балл 83,62-ге жетті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Батыс Қазақстан облыстар бойынша бірінші, республикада Алматы және Астана қалаларынан кейін үшінші орынды иеленіп отыр. Бұл - мұғалімдер мен түлектердің қажырлы еңбегі мен ата-ана тәрбиесінің жемісі. Ендігі міндет - балалардың жазда жақсы демалуына жағдай жасап, лагерьлердің санитарлық, гигиеналық талаптарға сай болуын қадағалау.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, биыл оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 236,9 млн., соның ішінде бюджеттен 126,4 млн. теңге бөлінді. Облыста 1-10 сыныпта 83 мыңнан астам оқушы болса, соның 69,5 мыңын немесе 83,2 пайызын жазғы демалыспен қамту көзделуде. Маусым айының басынан 15 стацонарлық лагерь жұмыс жасап, бұларда 900 бала тынығуда. 47,5 мыңнан астам жеткіншек мектеп жанындағы 353 лагерьде демалмақшы. Айдың алғашқы онкүндігінде мектеп жанындағы тамағы ұйымдастырылған 310 лагерьде 11,2 мыңнан астам оқушы өз уақыттарын қызықты өткізуде. Сондай-ақ 9,3 мың оқушыға есептелген барлық 175 профильді алаң жұмыс жасауда. 5 мыңдай бала қамтылған 27 шатырлы лагерьдің 10-ы 433 шәкіртке есігін айқара ашты.

Кеңесте мамыр айының басынан бері өңірде 8 баланың суға кеткені, сондықтан лагерьлерде қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі атап көрсетілді. Өкінішке қарай, 15 стационарлық лагерьдің үшеуінде ғана суға шомылуға арналған орындар бар. Сондықтан өткен жылдан бастап оқушылар арасында өткізілетін спорттық шаралар қатарына жүзуден жарыстар енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Тағы бір өзекті мәселе - суицид. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, өткен жылы жасөспірімдер арасында 11 суицид тіркелген. Оған қоса соншама жеткіншек өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет жасаған. Биыл жыл басынан бері 4 суицид пен 10 әрекет белгілі болып отыр. Осыған орай облыс әкімі балалар мен жасөспірімдердің өмірін сақтау мақсатында сала және мемлекеттік органдар басшыларына қолдан келген жағдайдың бәрін жасауды тапсырды.