Балаларға базарлық: «Монстрлар демалысы-3» мультфильмі қазақ тілінде сөйледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында «Монстрлар демалысы - 3» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі алдын-ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Балаларға базарлық: «Монстрлар демалысы-3» мультфильмі қазақ тілінде сөйледі

«Болашақ» КҚ, BI Group, Marwin және Sony Pictures дүкендер желісінің қолдап ұйымдастыруымен «Монстрлар демалысы - 3» анимациялық фильмінің шым-шытырыққа толы жалғасы шықты және картина кейіпкерлері қазақ тілінде сөйледі.

«Әлемдік деңгейдегі студияның өз туындыларын қазақ тілінде таратуға құқық беруі біз үшін маңызды, себебі көрерменді ана тіліміздегі туындылармен көбірек қуантқымыз келеді. Оның үстіне кинематография туралы заң жобасы бүгінде Парламент қарауында, аталған заңнамада қазақ тіліндегі фильмдер контентін көбейту және кинотеатрлардың қазақ тіліндегі туындыларға басымдық берумен қатар көрермендерге ыңғайлы уақытқа қою мәселелері қарастырылған. Осы тұрғыда біз де өз үлесімізді қосып, кішкентай көрермендерімізді ана тіліміздегі туындылармен қуантудамыз, алда қазақ тіліндегі сапалы туындыларды дайындауда бірнеше нақты жобаларымыз бар», - деді «Болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры Динара Чайжүнісова.

«Монстрлар демалысы - 3» анимациялық фильмінің сюжеті бойынша Дракула өзінің достарымен бірге сәнді лайнерге мініп, круизге аттанады. Күтпеген жерден Дракула жұмбақ та сұлу капитан Эрикаға ғашық болады, мұны сезген қызы Мэвис бұл сапардың сұмдыққа айналатынын түсінеді, өйткені Эрика барлық монстрлардың өміріне қауіп төндіретін қорқынышты құпияны білетін еді. Монстрлар құпияны ашу жолында көптеген шытырман жағдайларға тап болады және анимациялық фильмнің соңы күтпеген оқиғамен аяқталады.

Алдын ала көрсетілімнің құрметті қонақтарының бірі, Парламент мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских фильмнен алған әсерімен бөлісті.

«Маған мультфильм ұнады. Басты назар аударатыны қазақ тілінде шығуы және әлі тұсауы кесілмеген әлемдік деңгейдегі туындыны қазақстандық бүлдіршіндердің алғаш болып тамашалауы қуантарлық дүние. Тағы бір айта кетерлігі - аударма кезінде тіл тазалығының  сақталуы, былайша айтқанда «қазақи» қалпында берілген», - деді депутат.

Айта кетейік, «Монстрлар демалысы - 3» - «Болашақ» Корпоративтік қоры қазақ тіліне дубляждаған 25-ші фильм. Қазақ тілі дубляжының режиссері және мәтіннің төсеушісі - Айжан Джамшитова. Дубляжға барлығы 30-дан астам актер қатысқан.

«Монстрлар демалысы - 3» фильмін 12 шілдеден бастап еліміздің барлық кинотеатрларында қазақ тілінде тамашалауға болады.