Балаларымыздың арманы биік болса, болашақта еліміздің де еңсесі биік болары хақ – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында еліміздің жас азаматтарына үндеу жасады.

Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстан балалары» онкүндігін өткізіп жатыр.
Әр күн баланың құқығын, қауіпсіздігін, білім мен тәрбие алуын, денсаулығын және дамуын арқау еткен тақырыптық бағыттарға арналды.
Бүгінгі күнді біз «Балалар үні» деп жариялап, әр баланың үніне, арман-мақсатына құлақ түрдік.
— Баланы әрбір ата-ана, әрбір ұстаз, әрбір азамат естуі тиіс. Оған шынайы көңіл бөліп, жеке тұлға ретінде қабылдау — саналы ұрпақ тәрбиелеудің бастауы. Балаларымыздың арманы биік болса, болашақта еліміздің де еңсесі биік болары хақ. Олардың әр тілегінде үміт, әр сөзінде сенім бар. Оны есту — біздің азаматтық әрі адами парызымыз, — деді министр.
Айта кетелік Аида Балаева Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында үндеу жариялаған еді.