Баланың еміне 1,3 млрд тенге жинап, өз мақсатына жұмсаған ерлі-зайыптыға сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қайырымдылық мақсатта жиналған қаражатты заңсыз пайдалану дерегі бойынша Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
Сот Даулет және Толқын Тотақановтарды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық», ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы — «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге мүлікті заңдастыру».
Қылмыстардың жиынтығы бойынша сот әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, жазаны орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуді белгіледі. Сонымен қатар сот олардың мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Сот үкімімен сотталғандарға 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот анықтағандай, 2020–2024 жылдар аралығында ерлі-зайыптылар Instagram желісіндегі @altair_tota парақшасы арқылы өз баласының ауыр дертке шалдыққаны және шұғыл ем қажет екені туралы жалған мәлімет таратып, қайырымдылық қаражатын жинаған. Қаражат тарту мақсатында олар жазылушылардың эмоциясына әсер ететін үндеулер жасап, жиналған қаражаттың нақты мақсаты жөнінде азаматтарды жаңылыстырған.
Соттың мәліметінше, жиналған қаражаттың едәуір бөлігі 1,3 млрд теңгеден астамы сотталғандар тарапынан жеке мақсатына жұмсалған.
Сонымен қатар ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот кәмелетке толмаған баласы бар сотталушы Толқын Тотақановқа жазаны өтеуді 2 жыл мерзімге кейінге қалдырды.
Бұған дейін баланы емдеуге жиналған 1,3 млрд теңгені жымқыру ісі бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтқан еді.
Сонымен қатар Перизат Қайрат қазақстандықтардың сенімін қалай сән-салтанат көзіне айналдырғанын жазған едік.