Балаңыз буллингке ұшыраса не істеу керек — заңгер кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM — Балаңыз буллингке тап болса, оны заң аясында қалай қорғауға болады? Ата-ана қандай әрекетке баруы тиіс? Бұл мәселенің заңдық қырларын маманнан сұрап білдік.

Әр ата-ана үшін баласының қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Бірақ, өкінішке қарай, мектептегі орта әрдайым жайлы бола бермейді. Соңғы жылдары оқушылар арасында қорқыту, мазақ ету, яғни буллинг жиілеп кетті. Бұл жағдай көбіне ата-ананың назарынан тыс қалып, уақтылы шара қолданылмайды.
Алдымен, баланың расында буллингке тап болғанына көз жеткізу керек. Себебі балалар қорыққанынан, ұялғанынан немесе ата-анасын алаңдатқысы келмегендіктен көбіне бұндай жағдайды жасырады.
Егер балаңыз кенеттен көңілсіз жүрсе, мектепке барудан бас тартса, өзімен-өзі тұйықталып, ұйқысы бұзылса, достарынан алшақтаса, бұның бәрі дабыл белгілері. Мұндайда балаға қысым жасамай, сабырмен сөйлесіп, не мазалап жүргенін білуге тырысыңыз.
Егер күдігіңіз расталса, сабыр сақтаңыз. Көп жағдайда ата-ананың алғашқы реакциясы баласын бірден қорғауға ұмтылу болады. Алайда екінші тарапта да кәмелетке толмаған бала болуы мүмкін екенін ұмытпау керек. Сондықтан әрекетке барарда сабырлы болып, заң аясында, ойланып қимылдау қажет.
— Ең бастысы болған жайтты нақтылап алу қажет. Баладан кім, қашан, не істегенін сұраңыз. Барлық деректі құжаттап алыңыз. Баланың әңгімесін аудиожазбаға жазу, оқиғаны жазбаша сипаттау, әлеуметтік желідегі хат алмасулар, фотосуреттер, мектептегі бейнебақылау жазбалары барлығы қажет болуы мүмкін. Егер дене жарақаты болса, дәрігерлік тексерістен өтіп, медициналық қорытындыны да тіркеп алыңыз, — дейді заңгер Олжас Жұмабаев.
Келесі қадам — мектеп әкімшілігіне жүгіну. Заңгердің айтуынша, директордың атына ресми өтініш жазып, болған жағдайды сипаттап, жауапты адамдардың аты-жөнін көрсетіп, ішкі тексеріс жүргізуді талап ету қажет. Өтініштің қабылданғаны туралы мөр қойылған көшірмесін өзіңізде қалдырыңыз.
— Егер мектеп ешқандай шара қолданбаса, бұл туралы жергілікті білім бөліміне шағым түсіруге болады. Бұл жағдайда мектептің әрекетсіздігіне байланысты қызметтік тексеріс жүргізу сұралады, — дейді заңгер.
Көп жағдайда мұндай жағдайлар «балалар арасындағы әдеттегі ұрыс» деп қабылданады. Алайда қорлау, қоқан-лоқы, ақша талап ету, соққыға жығу сияқты әрекеттер — бұлар қылмыстық сипатқа ие болуы мүмкін.
— Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (бопсалау) — жазасы 15 жылға дейін, бұл бап бойынша жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар, 131-бап (қорлау), — 100 АЕК-ке дейін айыппұл, 109-бап (дене жарақатын салу) — 80 АЕК-ке дейін сияқты баптар жиі кездеседі. Осындай әрекетке күмәніңіз болса, бірден полицияға арыз жазыңыз, — дейді Жұмабаев.
Егер мектеп те, білім бөлімі де, полиция да шара қолданбаса, прокуратураға шағым түсіріңіз. Онда бала құқығының бұзылғаны туралы нақты деректер көрсетілуі тиіс.
— Мұндай жағдайда тәжірибелі заңгер көмегіне жүгінген дұрыс. Ол құжаттарды дұрыс рәсімдеп, сізге заң аясында қалай әрекет ету керек екенін түсіндіреді, — дейді маман.
Буллинг — баланың психологиясына кері әсер етеді. Сол себепті, маман баланы психологқа апаруға кеңес береді.
— Егер балаға моральдық зиян келтірілсе, ар-намысы мен қадір-қасиеті тапталса, моральдық өтемақы өндіру үшін азаматтық сотқа жүгінуге болады. Егер бұзақы кәмелетке толмаған бала болса, жауапкершілік оның ата-анасына жүктеледі. Ең бастысы — дәлел жинап, дер кезінде арыз беру керек, — дейді заңгер.
Қазіргі кезде әлімжеттік тек мектепте емес, интернетте де белең алып отыр. Бұл — кибербуллинг. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде балаға жазылатын қорлау, қорқыту, беделіне нұқсан келтіретін фото-видеолар виртуалды болғанымен, зияны шынайы.
— Мұндай жағдайларға тап болсаңыз, скриншот жасаңыз, күнін, уақытын және сілтемелерді белгілеңіз. Әлеуметтік желілердің техникалық қолдау қызметіне шағым жіберуге болады. ҚР ҚК 131-бабы бойынша интернеттегі қорлау үшін айыппұл көлемі 200 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін (шамамен 786 мың теңге). Бірақ ең дұрысы алдын алу. Баланы цифрлық қауіпсіздік пен желідегі тәртіп ережелеріне үйрету керек, — деп қорытындылады заңгер.
Еске сала кетейік, СҚО-да буллинг туралы хабарламағаны үшін үш мектептің директоры мен мұғалім жазаланғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар, Астанада екі жасар бүлдіршін бақшада буллингке ұшырағанын хабарладық.
1 қыркүйекте ел мектептері мен колледждерінде буллингке қарсы жоба іске қосылатынын жазған едік.