«Балқаш» АЭС құрылысының келесі кезеңі қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Мәскеуде Росатомның бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар атом саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде Қазақстандағы «Балқаш» атом электр станциясы жобасын іске асыру мәселелерін қарастырды.
Кездесуде кадр даярлау, ғылыми-техникалық әріптестікті дамыту, өндірісті оқшаулау және қазақстандық кәсіпорындарды атом жобаларына тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
– Біз станция құрылысына қазақстандық компанияларды тарту, өндірісті оқшаулау, кадр даярлау және ұзақ мерзімді ынтымақтастық бағыттарын талқыладық. Барлық негізгі мәселелер бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізілді, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Өз кезегінде Алексей Лихачев «Балқаш» АЭС жобасын іске асыру үшін кешенді дайындық жұмыстарын жүргізудің маңызын атап өтті.
– Алаңды кемінде бір жыл бойы бақылау қажет. Соның негізінде барлық қажетті есептер дайындалып, жоба табиғи, геологиялық және климаттық ерекшеліктерге бейімделеді, – деді Алексей Лихачев.
Оның айтуынша, жоба алаңның жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді және ресейлік атом технологияларына негізделеді.
Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін растады.
Айта кетейік, Қазақстанда салынуы жоспарланған «Балқаш» АЭС жобасы елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі саналады.
Бұған дейін Қазақстанда АЭС-тің радиоактивті қалдықтары қайда жөнелтілетіні хабарланды.