Балқаш биылғы шомылу маусымында 200 мыңға жуық турист қабылдады
БАЛҚАШ. KAZINFORM — 2026 жылдың басынан бері Балқашқа 200 мыңға жуық турист келген, оның шамамен 70 мыңы тек шілде айында демалған. Туристік ағынның өсуі курорттық инфрақұрылымның дамуы және көл жағалауында демалу мүмкіндіктерінің кеңеюімен байланысты.
Биылғы туристік маусымда қалада және оған іргелес курорттық аймақтарда жаңа орналастыру және демалыс нысандары ашылды. Соның нәтижесінде нөмірлік қор 128 орынға көбейіп, шамамен 100 жаңа жұмыс орны құрылды.
Жазғы маусымның маңызды оқиғаларының бірі төртінші рет өткен Balkhash Tour Fest фестивалі болды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға шамамен 100 мың адам қатысты.
Демалушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында туристік аумақтарға 9 санитарлық нысан, 11 киім ауыстыратын кабинка және 105 қоқыс жәшігі орнатылды. Торанғалық және Шұбартүбек демалыс аймақтарында медициналық пункттер мен құтқару станциялары тәулік бойы жұмыс істеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция және құтқару қызметтерінің қызметкерлері қосымша тартылды.
Туризм саласын дамытудағы маңызды оқиғалардың бірі — Балқаш әуежайының реконструкциядан кейін қайта жұмысын бастауы болды. Әуе қатынасының іске қосылуы қаланы Астана және Алматы қалаларымен байланыстырып, Қазақстанның басқа өңірлерінен туристер тартуға қосымша мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Балқаш алдында туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту және туристік маусымның ұзақтығын арттыру міндеті тұр. Алдағы уақытта негізгі басымдық жыл бойы туризмді дамытуға, оның ішінде спорттық, сауықтыру, мәдени, гастрономиялық және экологиялық бағыттарға берілмек.
Бұған дейін Балқаш көлінде ашық суда жүзуден жарыс өткен болатын. Спортшылар Торанғалықтан «Жемчужина» демалыс аймағына дейінгі 21 шақырымдық қашықтықты еңсерді.