Балқаш көлін жүзіп өткен спортшылар 21 шақырымды еңсерді
БАЛҚАШ. KAZINFORM - Жел мен биік толқынға қарамастан, Балқаш көліндегі халықаралық жарыс аясында 21 шақырымдық ашық судағы жүзу қашықтығын спортшылар толық еңсерді. Торанғалықтан «Жемчужина» демалыс аймағына дейінгі жол олар үшін физикалық төзімділікпен қатар, жігер мен табандылықты талап еткен сын болды.
Балқаш көлінде өткен халықаралық жарыс бағдарламасына 21 шақырымдық ашық судағы жүзу енгізілді. Додаға 12 спортшы шықты. Олардың қатарында үш әйел – Астанадан Жаннат Қатарбаева, Алматыдан Юлия Кузнецова және Атыраудан Юлия Агеева бар.
Жүзу оңайға соқпады. Қашықтық бойында желдің жылдамдығы сағатына 29 шақырымға дейін жетті. Биік толқындар спортшылардың қозғалысын баяулатып қана қоймай, ашық суда бағыт-бағдарын дәл анықтауды да қиындатты.
Қашықтықты толық бағындырғандардың бірі – Астанадан келген 46 жастағы Жаннат Қатарбаева. Заңгер болып жұмыс істейтін спортшы екі бала тәрбиелеп отыр. Ол жүзумен 40 жасында ғана айналыса бастаған. Алғашында дәрігерлердің кеңесімен денсаулығын нығайту үшін бассейнге барған.
– Жарыс басталар алдында қобалжу да, қорқыныш та, «Осындай қашықтықты еңсере аламын ба?» деген күмән да болды. Әсіресе 12-16 шақырым аралығы қиынға соқты. Бірнеше рет жарыстан шығуды ойладым. Бірақ жүзуді тоқтатпадым, – дейді Жаннат Қатарбаева.
Спортшының айтуынша, Балқаштағы жүзуге шамамен бір жыл дайындалған. Аптасына үш рет жаттықтырушы Дмитрий Деревянкомен бассейнде жаттықса, тағы екі күнін Виталий Павловпен күш дайындығына арнаған. Жарысқа алты ай қалғанда бассейндегі жаттығулар санын аптасына төрт ретке дейін жеткізген.
Жаннаттың ашық судағы алғашқы тәжірибесі бірінші жаттықтырушысы Махамбет Ерсайыновтың ұсынысынан кейін басталған. Ол алғаш рет BURABAY SWIM жарысында Бурабай көлін 4,5 шақырым жүзіп өткен. Жаттықтырушысы жанында болғанымен, спортшы сол кезде қатты қорыққанын еске алады. Кейін біртіндеп жаңа жарыстарға қатысып, ұзақ қашықтықтарды бағындыра бастаған.
– Мен кәсіби спортшы емеспін. Жүзумен айналысып жүргеніме небәрі алты жыл болды. Бұл спортқа 40 жастан кейін келдім. Алғашында тек денсаулығымды жақсартуды көздедім. Жарыстарға қатысып, ұзақ қашықтықтарға жүземін деп ойлаған да жоқпын, – деді ол.
21 шақырымдық қашықтықты толық еңсергендердің тағы бірі – Қуаныш Асқар. Ол бүкіл жолды бір қолмен жүзіп өтті.
Спортшы жарысқа дайындық кезінде физикалық жаттығумен қатар, психологиялық тұрғыдан да дайындалғанын айтты. Бұған дейін 10 шақырымдық жүзулерге қатысып, ашық суда ұзақ қашықтықтарды бағындыру тәжірибесін жинаған.
– Қашықтықты аяқтай алмаймын деген ойды өзіме жолатпадым. Өйткені ондай ой санаға кірсе, қорқыныш пен сенімсіздік күшейе түседі. Мені алға жетелеген жалғыз ой – міндетті түрде мәреге жетуім керек деген сенім болды, – деді Қуаныш Асқар.
Жүзу кезінде спортшыларға толқынмен арпалысуға тура келді. Қуаныш Асқардың айтуынша, кей тұстарда толқынның биіктігі 2,5-3 метрге дейін жеткен. Толқын жоталарының арасынан қатысушылар кейде жағалауды да, сүйемелдеу қайығын да көре алмай, бағытынан жаңылған.
Қуаныш үшін ең күрделі сәт шамамен 11-12 шақырым тұсында болған. Сол кезде оны сүйемелдеп келе жатқан қайықта ақау пайда болып, борттағы 13 жастағы ұлына алаңдауға тура келген. Қатты жел мен толқын қайықты алып кете бастаған соң, спортшы қиын шешім қабылдап, қайықтың соңынан жүзуге тырыспай, белгіленген бағыт бойынша қозғалысын жалғастырған.
– Ол кезде, әрине, ұлым үшін қатты алаңдадым. Алғашында қайықтың соңынан жүзуге тырыстым. Бірақ өзім де бағыттан жаңылып, адасып кетуім мүмкін екенін түсіндім. Сондықтан жүзуді жалғастыруға тура келді. Бұл эмоциялық тұрғыдан өте ауыр сәт болды, – деді спортшы.
Қуаныш Асқардың айтуынша, бірнеше жылдық жаттығу барысында бір қолын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өзіндік жүзу техникасын қалыптастырған. Дегенмен мұндай ұзақ қашықтықта шешуші рөлді психологиялық дайындық атқарады деп есептейді.
– Балқаштың толқындары мен үшін мүлде бөлек болды. Өзім Ақтауданмын, теңізде жүзуге үйренгенмін. Бірақ мұнда көлдің ішіндегі толқындардың өзі өте қатты екен. Кейде тіпті бағыттан жаңылдырады. Қорқынышты болды, қиын болды. Бірақ қашықтықты соңына дейін жеткізуге деген ниет қорқыныштан да, шаршау мен ауырсынудан да басым түсті, – деді ол.
Спортшы үшін мұндай жарыстардың орны бөлек. Бала кезінен физикалық ерекшелігіне байланысты басқа қатарластарынан өзгеше болғанымен, ол өз мүмкіндігінің шектелмейтінін ең алдымен өзіне дәлелдеуге ұмтылып келеді.
– Балаларыма толыққанды өмір сүре алатынымды, спортпен айналысып, көп адамның қолынан келе бермейтін қиындықтарды еңсере алатынымды көрсету мен үшін маңызды. Балаларымның мені мақтан тұтқанын қалаймын. Бұл да маған алға ұмтылуға күш береді, – деді Қуаныш Асқар.
Нәтижесінде жарысқа қатысушылар Торанғалықтан «Жемчужина» демалыс аймағына дейінгі 21 шақырымды толық жүзіп өтті. Ашық судағы бұл қашықтық Балқаш көлінде ұйымдастырылған халықаралық жарыстың бір бөлігі болды.
Бұған дейін ашық суда жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын кімдер қорғайтынын хабарлаған болатынбыз.