Балқаш жылу электр стансысы Жамбыл МАЭС-ының орнын басады ? «Самұрық-Энерго» АҚ
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Болашақта Балқаш электр стансысының екінші бөлігі Жамбыл мемлекеттік аймақтық электр стансысының (МАЭС) жүктемесін өтейтін болады.
Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде ҚР «Самұрық - Энерго» АҚ Кореяның электр энергетикалық корпорациясы мен осы елдің «Самсунг» корпорациясы арасында «Балқаш жылу электр стансысының құрылысы» жобасын іске асыру аясында стратегиялық серіктестіктің негізгі принциптері бойынша негіздемелік келісімге қол қою рәсімінен кейін журналистерге сұхбат берген «Самұрық - Энерго» АҚ бас директоры Александр Ли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздің оңтүстік аймақтарында қуат көздерінің тапшылығы 1 мың МВт-ты құрап отыр. «Болашақта Балқаш электр стансысының бір бөлігі осы қажеттілікті қамтамасыз етсе, екінші блогы Жамбыл МАЭС жүктемесін өтейтін болады. Бүгінде Жамбыл МАЭС-ының жұмыс істегеніне 40 жыл толды. Сондықтан осы нысанның техникалық жағдайын ескерсек, алдағы жылдарда оның жұмысы тоқтатылуы мүмкін», деді А.Ли.
Александр Ли атап көрсеткендей, Балқаш жылу электр стансысының құрылысын жүзеге асыру жобасы 16-17 жылдың ішінде аяқталады.