Бангладеш астанасында болған тәртіпсіздіктер кезінде 50 адам зардап шекті
АСТАНА. KAZINFORM – Бангладеш астанасы Даккада елдің бұрынғы премьер-министрі Шейх Хасинаға үкім шығарылған соң басталған тәртіпсіздіктер салдарынан полиция мен әскерді қоса алғанда 50 адам зардап шекті. Бұл туралы Dhaka Tribune басылымына сілтеме жасап, ресейлік ТАСС хабарлады.
Даккадағы Дханмонди көшесі 32 ауданында республиканың негізін қалаушы саналатын Шейх Хасинаның әкесі Шейх Муджибур Рахманның бұрынғы резиденциясы, бүгінде музей болған жерге жүздеген адам жиналды. Олардың басым бөлігі студенттер болатын және олар музей ғимаратын бұзып тастамақ ниетте еді. Осы мақсат үшін олар өздерімен бульдозер айдап келген. Полиция акцияға қатысушылардың арнайы қойылған кедергілерден (баррикадалар) өтіп, музей аумағына кіруіне қарсылық көрсетті.
Тобырды тарату үшін құқық қорғау қызметкерлері көзден жас шығаратын газ бен қатты дыбыс шығаратын граната қолданды. Тәртіпсіздіктер бірнеше сағатқа созылды. Бұқаралық акцияға қатысушылар ғимаратқа кіріп алып, Шейх Хасинаның әкесінің резиденциясы бұзылмайынша, кетпейтіндіктерін мәлімдеді. Полиция мен әскерилер әлі ауданды шолып жүр.
Дүйсенбі күні Бангладештің Халықаралық қылмыстық істер жөніндегі трибуналы Шейх Хасинаны адамзатқа қарсы қылмыстары мен 2024 жылғы бұқаралық көтерілісті басып тастағаны үшін өлім жазасына кесті.
Сот оны адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп таққан бес түрлі айыптың барлығына кінәлі деп тапты.
Өлім жазасына сонымен қатар Бангладештің бұрынғы Ішкі істер министрі Асадуззаман Хан Камаль да кесілді. Осы іс бойынша тергелген полицияның бұрынғы бас инспекторы Чоудхури Абдулла Аль Мамун 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол осыған дейін тергеуге көмектесуге ниет білдіріп, өзінің кінәсін толық мойындаған болатын.
Осыған дейін Бангладештің бұрынғы премьер-министрі өлім жазасына кесілгені туралы жаздық.